Негізгі Жаңалықтар ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН ДАУЫС БЕРДІ

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН ДАУЫС БЕРДІ

Елдегі маңызды саяси науқан таң сәріден ерекше қарқынмен басталды. Тұрғындар таңғы сағат жетіден бастап өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне белсенді түрде ағылуда. Әсіресе Достық үйінде орналасқан №4 сайлау учаскесі бүгін шынайы достық пен бірліктің мекеніне айналды. Мұнда әдеттегі ресмиліктен гөрі мерекелік көңіл күй басым. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері саяси науқанға ұлттық киіммен келіп, ерекше сән берді. Этнос өкілдері сайлауға келген тұрғындарға домбырамен ән шырқап, ізгі тілектерін білдіріп, шашу шашты.


 №4 сайлау учаскесі нағыз мәдениет ошағына айналды. Саяси науқанға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ерекше ықыласпен қатысуда. Ұлттық киім киген азаматтар өз таңдауын жасап қана қоймай, салт-дәстүрді де ұлықтады. Осылайша, жиналғандар азаматтық борышын өтеп, ел бірлігі мен ынтымағын айшықтады.


ТОХИРБЕК НИШАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ӨЗБЕК ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ
Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, аналар мен жастар болып, барлығымыз еліміздің болашағы үшін дауыс беруге келдік. Алғашқылардың бірі болып өз таңдауымызды жасадық. Бұл жерде сайлауға келгендердің барлығы көтеріңкі көңіл күйде. Ән айтып, би билеп, ұлттық киіммен келуіміз — елге деген құрметіміз бен патриоттық сезімімізді көрсетеді.


 №4 сайлау учаскесінде белсенділік жоғары. Мұнда алғашқы болып дауыс бергендердің қатарында Аналар кеңесінің мүшесі Кәрима Қошмұратова да бар. Елдің болашағына алаңдаған азаматша маңызды саяси науқанда әр азаматтың дауысы ескерілуі тиіс деп санайды.


КӘРИМА ҚОШМҰРАТОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ
 Өте қуаныштымын. Өз азаматтық құқығымды пайдаланып, еліміздің жаңа, жарқын болашағына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бұл жерге келсем, ерекше атмосфера болып жатыр екен. Әжелеріміз әндерін шырқап, шашу шашып қарсы алды. Осындай көтеріңкі көңіл күймен кіріп, дауыс беріп шықтым.


 Сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 881 азамат дауыс беруге тіркелген. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бір тұрғын бар. Ол үшін де қажетті жағдай қарастырылған.


ҚЫЗЫЛГҮЛ КҮЛБАЕВА, №4 САЙЛАУ УЧАСКЕЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Таңғы сағат жетіден сайлау учаскесі ашылып, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Алғашқы сайлаушылар дауыс беріп жатыр. Халықтың көңіл күйі өте жақсы. №4 сайлау учаскесінде 881 адам тіркелген. Оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін бір азамат бар. Сол азамат үшін арнайы жағдай жасалған. Қажетті құралдардың барлығы орналастырылған.


Сайлауды ұйымдастыруға қала бойынша 371 сайлау комиссиясы қатысуда. Оның 6- аумақтық, 365-учаскелік сайлау комиссиясы. Учаскелердің 24-жабық нысандарда орналасқан. Оның ішінде медициналық ұйымдар, тергеу изоляторлары, қарттар үйлері мен әскери бөлімдер бар.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар