160 ҚЫЗМЕТКЕР БІРГЕ ДАУЫС БЕРДІ
«Бал Текстиль» кілем фабрикасының 160 қызметкері №197 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Ұжым мүшелері саяси науқан – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін айтады.
Бүгін «Бал Текстиль» кілем фабрикасының жұмыс күні әдеттегіден өзгеше басталды. Ұжым мүшелері бірлесе сайлау учаскесіне барып, саяси науқанға белсене қатысты.
ЕРҒАЛИ ЖАНБОЛАТҰЛЫ, ӨНДІРІС БАСШЫСЫ
– «Өтіп жатқан Құрылтай сайлауының маңызын түсіне отырып, біз ұжым болып келіп, дауыс беріп отырмыз. Сайлаудан соң ары қарай жұмысқа кірісеміз.»
№197 сайлау учаскесінде таңнан бері қарбалас. Бірнеше сағат ішінде екі жүзден астам азамат өз таңдауын жасап үлгерген. Учаске қызметкерінің сөзінше, тұрғындар саяси науқанға немқұрайлы қарап отырған жоқ. Керісінше, белсенділік жоғары.
БАҚЫТЖАН ТҰРЫСБЕКОВ, №197 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ КОМИССИЯ ХАТШЫСЫ
– «Дауыс берудің басталғанына екі сағаттан енді асты. Таңдау жасаушылардың саны 200-ден асып тұр. Учаскеде барлық жағдай жасалған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да қызмет көрсетуге дайынбыз.»
Кілем фабрикасының қызметкерлері саяси науқанның ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтады. Сондықтан олар бүгін жұмысқа ерте келіп, өз таңдауын жасауға бекінген.