ҚАЛА ӘКІМІ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Құрылтай сайлауы жаңа саяси дәуірдің бастамасы. Ел тарихындағы маңызды науқанға азаматтар таң сәріден қатысып жатыр. Шымкенттік сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Саяси науқанға қала билігі де атсалысты. Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков №231 сайлау учаскесіне арнайы барып, өз таңдауын жасады.
Қала әкімі мен орынбасарлары Түркістан сарайында орналасқан №231 сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған Құрылтай сайлауы - мемлекет болашағының негізі. Демек, оған бейжай қарамай, белсенділік таныту -жалпыға ортақ жауапкершілік.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Осы бүгінгі тарихи сайлауға Шымкент жұртшылығы да белсенді қатысып отыр. Біз тұрғындарымыздың, сайлаушыларымыздың көптеп келетініне, өз таңдауын жасайтынына сенімдіміз.»
Сайлауға ұжым болып, бірге келіп отырған әріптестер де бар. Соның бірі - «Яссы» би ансамблі. Ұжымның 27 мүшесі саяси науқанға белсене қатысып, өз таңдауын жасады.
ҚУАТ ТАУКЕЕВ, «ЯССЫ» БИ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Ұжымда 27 адамбыз. Барлығы түгел келді. Түгел белсенді қатысып жатыр. Ел болашағына немқұрайлы қарамай, өз таңдауымызды жасадық.»
№231 сайлау учаскесіне 2 335 азамат тіркелген. Түсірілім тобы учаскеге сағат 9-дан асқанда барды. Бірнеше сағат ішінде сайлаушылардың 100-ден астамы өз таңдауын жасап, дауыс беріп үлгерген.
САБЕТ ҚУАТОВ, №231 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Елімізде алғаш рет өтіп отырған Құрылтай сайлауына тұрғындардың қызығушылығы жоғары. Белсенді қатысып жатыр.»
Саяси науқанға қатысушылар арасында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында кинофильм кейіпкерлерінің образында киініп келгендер де болды. Тіпті ақылды робот та учаске маңын аралап, келушілерді қарсы алды. Тұрғындар технология жетістігін қызықтап, мәз-мейрам болды.