Негізгі Жаңалықтар ӘЖЕЛЕР САЙЛАУ КҮНІН КӨРІКТЕНДІРДІ

ӘЖЕЛЕР САЙЛАУ КҮНІН КӨРІКТЕНДІРДІ

Сайлау күні Орталық саябақ ұлттық өнердің ордасына айналды. Маңызды шараларда мегаполистің мәртебесін асырып жүрген 60-қа жуық әже ұлттық өнерді ұлықтады. Ақ жаулықты аналар көрме ұйымдастырып, көпшілікті тәнті етті.

Бұл әжелердің әрбірі – бір-бір әулеттің данагөй аналары. Ұл-қыздарын аяқтандырып, немерелерін бағып отырған жандар. Олар тек отбасында ғана емес, білгендерін қазақ жастарына үйретіп, маңызды шараларға да белсене атсалысып жүр.

ҰЛБАЛА САУДАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біздің аналарымыздың ұрпаққа деген мақсаты биік екенін көрсетіп отыр. Және біз дана ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып жүрген аналармыз.

 Саябаққа келген аналар жіп иіріп, текемет тоқыды. Жүн түтіп, киіз басты. Шебер апалардың тіккен құрақ көрпелері шымкенттік брендті қалыптастырған. Айтқандай, бұл шараға Шардара ауданынан да апалар келіп, қолдан жасаған бұйымдарын көрмеге ұсынды.

 АЛТЫН КӨМЕШҚАЛИЕВА, ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Өнерімізді, қолымыздың шеберлігін көрсетейін деп келдік.

Ардақты аналар «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған телемарафонға қатысты. Өңірдің аналары өздерінің өнегелі істерін тікелей эфир арқылы күллі Қазақ еліне паш етті. Ынтымағы ұйысқан әжелер саяси күннің ажарын ашты.

 МЕРУЕРТ МЫРЗАХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
23 тамыз – Құрылтай күні. Қазақ елі үшін мен де дауыс бердім. Еліміз аман болсын.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар