САЯБАҚТАРДА ДЕЗИНСЕКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Шымкентте саябақтар мен гүлзарлар маса мен шіркейден тазартылып жатыр. Қаладағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы дезинсекция жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мамандар залалсыздандыру шараларын тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін негізінен кешкі және таңғы уақытта атқаруда. Өңдеу жұмыстары қаладағы демалыс аймақтарын, саябақтар мен су қоймаларының жағалауларын толық қамтиды.
Көктем шығысымен Шымкентте маса мен шіркейдің көбейетіні белгілі. Осыған байланысты қалада жоспарлы дезинсекция шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мамандар кезекті өңдеу жұмыстарын Абай саябағында ұйымдастырды. Наурыз айында басталған дезинсекция жұмыстарына 30 арнайы мамандандырылған дезинсектор мен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жоспарға сәйкес, залалсыздандыру шаралары шаһардағы 14 саябақты, 38 өзен мен каналдың бойын, сондай-ақ 49 гүлзар мен аллеяны толық қамтиды. Тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін өңдеу жұмыстары негізінен адам қарасы азайған кешкі және таңғы уақытта жүргізіледі. Жәндіктерді жою үшін арнайы сертификатталған «Тиаметрин» препараты қолданылып жатыр. Жауаптылардың айтуынша, бұл құралдың тиімділігі жоғары. Сонымен қатар белгіленген талаптарға сай қолданылған жағдайда адамдар мен үй жануарларына қауіпсіз. Айта кетейік, дезинсекция іс-шаралары жаз бойы тұрақты жүргізіліп, қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
ҚАНАТ РАШИД, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Қазіргі таңда жұмыстар осы саябақта, өзен-каналдарда, гүлзарлар мен аллеяларда жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады. Барлық маман арнайы қорғаныш киіммен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстарға 20 бірлік арнайы техника мен 30 дезинсектор маман жұмылдырылған.