ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ
Халықтың өтініші жерде қалмады. Жаңаталаптықтар аудан әкімімен кездесуде балаларға арналған ойын алаңын салып беруді сұраған еді. Арада көп уақыт өтпей, құрылыс жұмыстары басталып, алғашқы алаң пайдалануға берілді. Ай соңына дейін тағы төрт балалар ойын алаңы ел игілігіне ұсынылмақ.
Жаңаталаптықтардың қуанышында шек жоқ. Енді аудан балалары қауіпсіз әрі жайлы жерде ойнайды. Заманауи талаптарға сай балалар ойын алаңы ашылып, ел игілігіне берілді.
ЖАНЕЛЬ ЖАРҚЫНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Бізге осы алаң ұнады. Кешке қарай енді осында келіп ойнаймыз. Ашылуына орай бізге балмұздақ та берді.»
Бәрінен бұрын жаңа ойын алаңына ата-аналар риза. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтын тұрғындардың уайымы азайып, сенімі артқан. Қауіпсіздік талаптарына сай салынған ойын алаңы заманауи талаптарға жауап береді. Оның жанында футбол алаңы да бар. Мұнда балалар доп теуіп, волейбол ойнай алады. Бұл ұсынысты тұрғындар аудан әкімімен кездесуде айтқан еді.
БАҒИРА САЛЫҚБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Иә, кездесуде айттым. Бір ай болмай салды. Өзім таңғалдым.» «Кешкі уақытта бәріміз осы жерге серуенге шығамыз.»
Биыл Тұран ауданы аумағында 28 балалар ойын алаңы бой көтерген. Ай соңына дейін олардың барлығы пайдалануға берілмек. Әр нысанның орташа құны 25-30 миллион теңгені құрайды. Жауаптылар тұрғындарға алаңдарды күтіп ұстау мен сақтауға жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.
ДӘУРЕН БАЛҒАНОВ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Ойын алаңдарының бәрі заманауи үлгіде. Бұрынғылары пластмассадан болса, қазіргілері ағаштан жасалған. Сапалы.» «Мердігерлер тарапынан үш жылдық кепілдік мерзімі бар. Яғни осы аралықта сынған элементтерді қайта ауыстыра алады.»
Ашылу салтанатына елді мекен тұрғындары мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында балмұздақ таратылды. Жаңа ойын алаңы енді балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, қауіпсіз жерде ойнауына мүмкіндік береді.