ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Енді шеткі аймақтағы кішкентай тұрғындар бос уақытын заманауи әрі қауіпсіз алаңшада өткізе алады. Ақтас елдімекенінде жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. 400 шаршы метр аумақ абаттандырылып, балалардың қауіпсіз әрі көңілді уақыт өткізуіне жағдай жасалған. Тұрғындардың қуанышымен арна тілшілері де бөлісіп қайтты. Сюжетте толығырақ.
Ақтас тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Енді ауыл балалары алысқа сабылмай-ақ, есік алдындағы ойын алаңшасында еркін ойнап, спортпен айналыса алады. Шеткі елдімекен тұрғындары заманауи инфрақұрылымның пайда болуы ауыл өмірінің сапасын арттырады деп отыр.
- Әкімдікке рахмет. Балаларға ойын-сауық алаңын салып берді. Ойнап жатыр. 13 немерем бар, төрт баладан тараған.
- Балаларымызға жақсы болды. Енді ойнайтын болды. Жарығын да орнатып берді. Жол салып берді, рахмет. Қанша жылдан бері сұрап жүрген едік. Балаларымыз енді жақсы ойнайтын болды. Топырақта ойнамайды. Алаңды ашып беріп жатқандарына рахмет.
Балалар ойын алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылды. Мұнда 400 шаршы метр аумақта балаларға арналған ойын элементтерінен бөлек, бұқаралық спортты дамытуға арналған заманауи воркаут алаңы мен жарықтандыру жүйесі орнатылған.
НҰРКЕЛДІ СЕМБИЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
Бірінші тамызда жұмысты бастағанбыз. Бүгін нысанды тапсырып жатырмыз. Аумағы 400 шаршы метр. Ұзындығы – 25, ені – 16 метр. Бұл жерде балалардың қауіпсіздігі үшін тартан төсемі төселді. Алты жерге жарық шамдары орнатылды, қоршаулар қойылды. Воркаут алаңы бар, үлкендерге арналған тренажерлер де қарастырылған.
Айта кетейік, жобаның құны – 26 млн теңге. Нысанға үш жылдық кепілдік берілген.