БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, ауыл мектептерін дамыту – білім саласындағы басты міндеттердің бірі. Педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту, техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру, оқушылардың азаматтық-патриоттық тәрбиесін нығайту да назарда. Осы мәселелер Қазығұрт ауданында өткен Тамыз кеңесінде талқыланды. Биылғы жиын «Білім сапасы, әділ мүмкіндік және жауапты басқару» тақырыбына арналды.
Тамыз кеңесі көрмеден басталды. Аудан әкімі мен жиынға қатысушылар оқушылардың қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстарын тамашалады. Басқосуда білім саласының бүгінгі ахуалы мен алдағы міндеттер сөз болды. Сондай-ақ «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына ерекше мән берілді.
АЗИЗХАН СМАИЛОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа Конституциямыз қабылданып, әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім беру – ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі, ал ұстаз – сол іргені ұстап тұрған ең үлкен күш» екенін атап айтты. Мемлекетіміз білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі заман – білім мен ғылымның, жаңа технологиялардың заманы.
Жаңа оқу жылында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 100 ауыл мектебін 300 заманауи физика, химия және биология кабинетімен жабдықтау жоспарланған. Жобаға 5 миллиард 114 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде Қазығұрт ауданындағы 9 мектепке 27 заманауи кабинет пен зертхана жабдықтары алынады. Сонымен қатар осы мектептердің директорлары мен мұғалімдері «Білім-Инновация» халықаралық қоры арқылы біліктілігін арттырып, үш жыл бойы менторлық қолдауға ие болады.
ӘЛИЯ ЕГІЗЕК, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
Өткен жылы 9-сыныпты 2647 оқушы, 11-сыныпты 2003 түлек аяқтады. 103 түлек «Алтын белгі», 162 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 1827 түлектің 622-сі мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Бұл – 34 пайыз.
Ауданда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Шарбұлақ ауылында бала санының артуына байланысты 640 орындық мектеп пайдалануға беріліп, бүгінде онда 1032 оқушы білім алуда. Ал жаңа оқу жылында Төменгі Шарбұлақ елді мекеніндегі оқушылар үшін 300 орындық қосымша ғимарат салынып, пайдалануға беріледі. Бұл – білім алушыларға қолайлы жағдай жасап, мектептегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.