ӨҢІРЛІК КАРДИОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысында жыл сайын 300-ге жуық сәби жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Олардың басым бөлігіне өмірін сақтап қалу үшін ашық жүрекке күрделі ота жасау қажет. Бұған дейін мұндай көмек алу үшін Астана мен Алматыға жүгінген науқастар енді Шымкенттің өзінде ем қабылдай алады. Түркістан облыстық балалар ауруханасында өңіраралық кардиохирургия орталығы ашылды.
Жаңа орталық Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық балалар ауруханасының базасында жұмысын бастады. Заманауи медициналық орталық Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының кішкентай пациенттеріне жоғары технологиялық көмек көрсетеді.
ЖАНБОЛАТ ДІЛДӘБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бізде жылына 300-ге дейін туа біткен жүрек ақауы анықталады. Сол жүрек ақауына балалар кардиохирургтары көмек көрсете алмаса, ондай жағдай өлім-жітімге әкелуі мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайлардың алдын алу және балалар кардиохирургиясының деңгейін көтеру үшін осы үш өңірге арналған балалар кардиохирургиясы орталығы ашылып отыр.
Шолпан Бауыржанқызының төрт айлық сәбиіне жүректің туа біткен ақауы диагнозы қойылған. Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия орталығында нәрестеге шұғыл ота жасалып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды. Қазір сәби ақ халатты мамандардың жіті бақылауында. Анасының айтуынша, қызының жағдайы жақсы, оң динамика байқалады.
ШОЛПАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біз Мақтаарал ауданынан, Мырзакенттен келдік. Қызыма туа біткен жүрек ақауы диагнозы туған күні қойылды. Үш айлығында осы жерге келіп, дәрігерлердің бақылауында болдық. Ота күні анықталып, кардиохирургия және кардиореанимация бөлімдерінің мамандары бірігіп, ота жасады. Үш айлығында жасалды. Ота төрт сағатқа созылды. Барлығы жақсы өтті. Қазір қызым оңалту бойынша ем алып жатыр. Барлығы жақсы.
Орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда салмағы өте төмен, тіпті жаңа туған нәрестелерге де күрделі жүрек оталарын жасауға мүмкіндік бар. Орталықта жоғары білікті хирургтар, перфузиологтар мен реаниматологтар жұмыс істейді. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында жасалып келген күрделі оталарды енді Шымкент дәрігерлері де орындай алады.
ТАЛҒАТ БЕРДІБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Біздің кардиохирургия бөлімі 15 орынға шақталған. Соның ішінде 10 орын ота жасалатын науқастарға, 5 орын реабилитацияға келетін балаларға арналған. Жылына шамамен 250-ге жуық ашық жүрекке ота жоспарланады. Қазіргі таңда соның жартысы жасалды. Ота жасанды қанайналым аппараты арқылы жүргізіледі. Облыс деңгейінде толық анықталып, диагнозы қойылған балалар бізге жолдамамен жіберіледі. Біз оларды толыққанды тексеруден өткіземіз. Оның ішінде эхокардиография, УДЗ, қажет болған жағдайда КТ тексерулері жүргізіледі. Диагноз толық қойылғаннан кейін ашық жүрекке ота жасаймыз.
Бұған дейін диагностиканың жеткіліксіздігінен туа біткен жүрек ақаулары кеш анықталып, оның салдары ауыр болатын. Қазір заманауи медицина бұл дертті сәби дүниеге келмей тұрып анықтауға мүмкіндік береді. Скрининг пен эхокардиографиялық тексерулер арқылы дәрігерлер ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізе алады. Бұл – балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.