«ҚАУІПСІЗ ШЕКАРА – ҚАУІПСІЗ ҚАРЖЫ»
Жеңіл ақша тапқысы келіп, өз атына банк картасын ашып, оны бөгде біреуге жалға бере салатындар енді заң алдында жауап береді. Түркістан облысында «Қауіпсіз шекара – қауіпсіз қаржы» профилактикалық апталығы басталды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған бұл іс-шара шекара маңындағы заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қоюды көздейді.
Соңғы уақытта елімізге келетін шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындардың атына ЖСН, ұялы байланыс нөмірлері мен банктік карталарды рәсімдеп, оны үшінші тұлғаларға беру жайттары жиілеп кетті. Кейін мұндай шоттар дропперлік схемаларға қолданылады. Сан соғып қалған тұрғындар қылмыстың құрығына ілінеді. Ал оның алдын-алуда түсіндірме жұмыстарының маңызы зор. Апталықтың ашылу рәсімі Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» шекаралық бекетінде өтті.Мамандар мұндағы азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратып, өз атына ашылған картаны бөгде адамға берудің құқықтық салдары туралы түсіндірді.
САБЫРҒАЛИ БАЛҒАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Қаржылық апталықтың мақсаты-халыққа интернет алаяқтықтың қауіп-қатерін түсіндіру.Апталық аясында 30 мыңға жуық ақпараттық хат таратылады.
Профилактикалық жұмысты жүйелеу мақсатында облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
БАҚЫТ БАСЫМБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МК БАСШЫСЫ
Әр түрлі адамдар келеді.Өз құжатын біреулерге сеніп тапсыратын.Қылмыстың алдын-алу үшін осы меморандумды қолға алдық.Енді эконоикалық тергеп-тексеру департаментімен жұмыс атқаруға дайынбыз.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтіп жатқан бұл апталық өңірдегі қаржылық қауіпсіздікті нығайтып, алаяқтардың құрығына түсетіндер санын азайтады. Мамандар түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.