ЖАС ТЕННИСШІЛЕР ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ҮШІН БАҚ СЫНАСТЫ
Мегаполисте дүбірлі дода. Шымкентте 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогы басталды. Бес күнге жоспарланған командалық жарысқа еліміздің әр өңірінен үздік жас спортшылар жиналды. Жарыста ұлдар мен қыздар өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан кубогі 24-29 тамыз аралығында өтеді. Турнирге еліміздің әр өңірінен келген жас теннисшілер қатысуда. Алғашқы кезеңде командалар А, B, C және D топтарына бөлініп, өзара кездеседі. Ұлдар мен қыздар арасында 18 командадан бақ сынайды.
ДАНИЯР МЫҢБАЕВ, №6 БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазақстан командалық кубогы оныншы рет өтіп жатыр. Бұл жарыстың Шымкентте өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл жарысқа 16 өңірден 18 команда келіп отыр. 120-дан астам спортшы қатысып жатыр.
Ұлдар арасындағы бәсекеде Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының командалары өнер көрсетеді. Қыздар арасында да 16 команда қатысып, жеңіс үшін таласады.
ЖАСҰЛАН САРТАЙ, ТУРНИР ДИРЕКТОРЫ
Осы жылдан бастап бұл жарыста жеңіске жеткен әр спортшы рейтингтік ұпай алады. Жүйе жаңартылды. Сонымен қатар биыл жарыс өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде.
Алғашқы матчтар 24 тамызда басталды. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ ұлдар мен қыздар командалары кортқа шығып, шеберліктерін сынауда. Әр командалық кездесу екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады. Бәсекеге қатысып жатқан спортшылардың барлығы – өз өңірінде топ жарған жас теннисшілер.
МҰНТАЗБЕГІМ БАҚТЫБАЙ, СПОРТШЫ (АТЫРАУ ҚАЛАСЫ)
Кубок региона жарысында біз бірінші орын алғанбыз. Грузия елінде өткен турнирде де бірінші орын иеленгенмін. Қазақстан жарыстарында да жүлдегер атандым.
Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар жарыстың басты жүлдесі үшін күресті жалғастырады. Қазақстан U14 кубогінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 29 тамызда анықталады. Бұл – жасөспірімдер теннисінің күнтізбесіндегі маңызды республикалық командалық жарыстардың бірі. Турнир жас спортшыларға өз өңірінің намысын қорғап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.