БАЛАЛАРДЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЛАГЕРЬ
Таза ауа, табиғат аясындағы тынығу және қызықты ойындар. Шымкенттік оқушылар жазғы демалысын «Машат Арасан» лагерінде өткізіп жатыр. Мұнда балалар гаджеттен уақытша алыстап, қатарластарымен араласып, түрлі спорттық және танымдық шараларға қатысуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында демалып жатқан балалардың тыныс-тіршілігімен арна тілшісі танысып қайтты.
Интернет жоқ. Бірақ көңіл тоқ. Гаджеттен ажыраған балалар қатарластарымен еркін араласып, топтық ойындарда жаңа достар тауып жүр. Шымкенттік оқушы Дияна Баймұратова лагерьдегі демалысы ұнағанын айтты.
ДИЯНА БАЙМҰРАТОВА, НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ №62 ЖОББ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Маған ортасы ұнады. Жетекшілер ұнады. Аспаздарымыздың дайындаған тамағы да ұнады. Қызықты іс-шаралар болды. Соларға қатысып, басқа топтармен жарыстық.
Балалар лагерьде волейбол, футбол ойнап, эстафеталық жарыстарға қатысады. Кешкісін өнер сайыстарында бақ сынап, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Ән айтып, би билеп, сурет салу арқылы бос уақыттарын тиімді өткізуде. Ал жетекшілер балалардың әр күнін қызықты әрі мазмұнды ұйымдастыруға күш салып келеді.
ЛӘЗАТ АМАНТАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ №1 ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Таңғы астан кейін іс-шараларымыз бар. Спорттық шаралар өткіземіз. Одан кейін түскі ас, кейін бассейнге барады. Жалпы, балалардың бос уақыты жоқ.
«Машат Арасан» лагерінде балаларға күніне бес мезгіл тамақ беріледі. Ас мәзірінде сүт өнімдері мен көкөністер тұрақты қамтылған. Лагерь 7-16 жас аралығындағы оқушыларға арналған. Мұнда 53 қызметкер 281 баланың қауіпсіз әрі көңілді демалысын ұйымдастырып отыр.