Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ – БЕС ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ – БЕС ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Шымкенттік спортшылар әлемдік додада топ жарды. Әзербайжанның Баку қаласында өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Жұмажан Қожамбеков бесінші рет әлем чемпионы атанса, Севара Нишанбаева күміс жүлдеге ие болды. Байрақты бәсекеден жеңіспен оралған спортшыларды жанкүйерлері Шымкент әуежайынан қошеметпен қарсы алды.


Шымкенттік балуан Жұмажан Қожамбеков қазақ күресінен әлем чемпионатында бесінші рет алтын медаль иеленді. Баку төрінде 70 келі салмақта белдескен спортшы төрт қарсыласын да жеңіп, ақтық сында Тәжікстан палуанынан басым түсті.


ЖҰМАЖАН ҚОЖАМБЕКОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БЕС ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Бұл жарыс өте қиын болды. Қарсыластарымның барлығы жоғары деңгейде дайындалып келген. Осыған дейін төрт рет әлем чемпионатына қатыссам да, бұл жарысқа бірінші рет қатысқандай сезіндім. Ақтық сынды қосқанда төрт белдесу өткіздім. Бірінші белдесу Жапония палуанымен, екіншісі Өзбекстан спортшысымен, үшіншісі Польша палуанымен өтті. Ақтық сында Тәжікстан палуанымен белдестім.


Ал Севара Нишанбаева әлем чемпионатына бір жыл бойы дайындалған. Алғаш рет әлемдік додаға қатысқан спортшы ақтық сында жарыс қожайыны – Әзербайжан палуанымен белдесті. Нәтижесінде күміс жүлдеге ие болды. Жас спортшы бұл нәтижемен тоқтап қалмай, келесі жарыста алтын алуды көздейді.


 СЕВАРА НИШАНБАЕВА, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Бес белдесу өткіздім. Финалдағы белдесу қиындау болды. Бір қателік жіберіп алдым. Жалпы жарыс жақсы өтті. Қазақ күресінен әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің алғашқы жетістігім, екінші орын. Бірақ келесі жолы бірінші орын болады.


Әлем чемпионаты 21-23 тамыз аралығында Баку қаласында өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 30-дан астам елінен спортшылар қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 8 ер және 8 әйел балуан ел намысын қорғады.


ҚАНАТ ЖОЛДЫҚАРАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Чемпионатқа 30-дан астам мемлекеттен спортшылар қатысты. Осы үлкен додада Жұмажан баламыз бес дүркін әлем чемпионы атанып, өз салмағында мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Севара қызымыз да Шымкент қаласының абыройын асқақтатып, күміс жүлдеге ие болды. Қазақ күресі әлемге кеңінен танылып келе жатыр. Жапонияның дзюдосы, Ресейдің самбосы әлемге танымал болса, қазақ күресі де халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді.


 Айта кетейік, қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 16 медаль жеңіп алды. Оның 5-еуі – алтын, 4-еуі – күміс, 4-еуі – қола жүлде.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар