40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Шымкентте тағы 40 отбасы баспаналы болды. Қоныс иелеріне пәтер кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады. Жаңа пәтерлер Бозарық шағынауданында бой көтерген көпқабатты үйлерден берілді. Қуанышты сәтке қала басшысы да қатысып, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады.
Көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізгендердің бірі – Ақбота Түркебаева. Ол «Жастар» бағдарламасы бойынша баспана кезегіне 2015 жылы тұрған. Арада 11 жыл өткенде армандаған үйіне қол жеткізді. Енді ол жаңа қонысында отбасымен бірге жаңа өмір бастамақ.
АҚБОТА ТҮРКЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
2015 жылы «Жастар» бағдарламасымен кезекке тұрғанбыз. Содан бері 11 жыл өтіпті. Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Бозарықтан пәтер алып жатырмыз.
Жаңа баспаналар жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілді. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және әлеуметтік осал топ өкілдері бар. Баспана алушылардың енді үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бұл жерде «5 жыл, 10 жыл тұрады» деген мерзім жоқ. Уақыты келген кезде әр азаматтың пәтерді сатып алуға құқығы бар.
Айта кетейік, Шымкентте тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл мегаполисте шамамен 7 мың пәтер беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 3,5 мыңға жуық азамат баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың тұрғынды үймен қамту көзделген. Ал қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 92 мың азамат тұр.