ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Түркістан облысында тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар қарқын алған. Өңірде мыңдаған отбасы баспаналы болып, тағы жүздеген пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланды.
Қазір облыста 108 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы бес жылда 8 мың 939 адам жалдамалы баспанамен қамтылған. Ал жақын арада тағы 843 пәтер тұрғындардың игілігіне беріледі.
ТОҚТАР ҮСІБАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Тұрғын үй кезегінде тұратын азаматтар саны облыста 39 421 адамға жеткен. Қазіргі таңда бұрын әкімдік кезегінде болған 69 119 азаматтың 56 697-сі, яғни 82 пайызы түгендеуден өткен. Қалған 12 422 азамат бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Ендігі міндет – тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға заң талаптарына сай әрі әділ бөлу. Облыс әкімі баспанаға мұқтаж отбасыларға басымдық беріп, түгендеу жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жалпы, жұмыстарды тиісті деңгейде атқару керек. Жалдамалы пәтерде тұратын, мемлекеттен субсидия алатын азаматтарға ай сайын мониторинг жүргізуді тапсырамын. Аудан, қалада түгендеу жұмыстарын екі аптада аяқтауды тапсырамын.
Бүгінде өңірде 2 542 отбасы пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекеттен субсидия ретінде алып отыр. Бұл мақсатқа биыл бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. «Отбасы банк» өкілдерінің мәліметінше, Түркістан облысы тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда.