СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛҒАНЫНА – 35 ЖЫЛ
456 ядролық жарылыс. Мыңдаған тағдыр. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қасірет. Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 35 жыл толды. Алайда атом сынақтарының салдары әлі де сезіледі. Қазақ даласында жасалған жарылыстар табиғатқа ғана емес, адам денсаулығына да орны толмас зиян келтірді. Бүгін сол зұлматты бастан өткергендер бас қосып, ядролық сынақ құрбандарын еске алды.
1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 456 ядролық сынақ жүргізілді. Оның 116-сы ашық түрде, яғни әуеде және жер бетінде жасалса, қалғаны жер астында өткізілді. Жарылыстардан кейін радиациялық ластану күшейіп, аймақтағы экологиялық ахуал күрт нашарлады. Оның зардабы адам денсаулығына да ауыр тиді. Талай отбасы қайғыдан қан жұтып, көптеген сәби түрлі дертпен дүниеге келді. Табиғатқа келген залалдың да ауқымы орасан болды.
ҚАЛЖАН ДАУЫЛБАЕВ, «СЕМЕЙ-СЫНАҚ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұндай қасірет енді қайталанбасын. Қазіргі таңда зардап шеккен адамдардың жағдайы өте ауыр. Ардагерлеріміздің арасында биылдың өзінде 8 адам өмірден өтті. Кейбіреулері төсек тартып жатыр, енді бірі денсаулығына байланысты аяқтарынан айырылды. Сондықтан ардагерлерге көмек көрсетілсе, дұрыс болар еді.
Полигон қасіретін көзімен көріп, зардабын өз басынан өткергендердің бірі – Әзімхан Абдуаитов. Ол кезінде Семей полигонында әскери борышын өтеген. Радиация әсерінен бір аяғынан айырылған ардагер үшін сол жылдар – халықтың басына түскен ең ауыр кезең. Арада 35 жыл өтсе де, оның жүрегіндегі жара жазылған емес.
ӘЗІМХАН АБДУАИТОВ, АРДАГЕР
Алғабас ауданынан, Шаяннан әскерге Семей, Полигонға барғанбыз. Сол жерде екі жыл әскерде болдық. Қазір ардагер, зейнеттегі адамдармыз. Бүгінгі 35 жылдық мерекеміз құтты болсын. Оның зардабын ардагерлер әлі шегіп жатыр. Денсаулық жоқ. Мүмкіндік болса, Семей полигоны ардагерлеріне жоғары жақтан көмек көрсетілсе, дұрыс болар еді.
Семей полигонының тарихы – адамзатқа ядролық қарудың қандай қасірет әкелетінін көрсеткен ащы сабақ. Жапония атом бомбасының зардабын бір сәтте тартса, қазақ даласы ядролық сынақтың азабын 40 жылға жуық уақыт бастан өткерді. 1991 жылы 29 тамызда полигонның жабылуы – тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік жолындағы тарихи қадамы болды. Алайда сынақтардың салдары әлі де ұмытылған жоқ. Өйткені бұл – бір дәуірдің ғана емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына таңба қалдырған қасірет.