Негізгі Жаңалықтар ЕСІРТКІ САУДАСЫНА ІЛІККЕН 19 ЖАСӨСПІРІМ АНЫҚТАЛДЫ

ЕСІРТКІ САУДАСЫНА ІЛІККЕН 19 ЖАСӨСПІРІМ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкентте есірткі етек жайып барады. Әсіресе, жеңіл ақша іздеп от басқан кәмелет жасына толмаған жеткіншектер көп. Тәртіп сақшыларының сөзінше, психотроптық заттарға төтеп беруде барлық күрес түрі маңызды. Осы бағытта өрімдей жастарды теріс қылықтан ада болуға шақыратын «Жан дауа» қойылымы сахналанды.


Белгілі драматург Болат Ұзақовтың «Жан дауа» психологиялық драмасы заман індеті нашақорлықты арқау етеді. Қойылымда есірткіге тәуелді болған жастың тағдыры, оның ішкі күйзелісі мен тығырықтан шығуға деген талпынысы бейнеленген. Аталған драманың таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі Шымкентте есірткі қылмысы өршіп тұр. Психотроптық заттардың құрсауына түскендердің ішінде жас жеткіншектер жетерлік.


БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Республика бойынша 60 жасөспірім болса, оның 19-ы Шымкент қаласына тиесілі. Былайша айтқанда 30 пайызы кәмелет жасқа толмағандар Шымкент қаласында есірткінің заңсыз айналымына ілігіп отыр.


 Биыл қалада заңсыз айналымнан 400 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның 17 келісі синтетикалық түрі. Жыл басынан бері Шымкентте есірткіге қатысты 367 қылмыс анықталған. 43-ші дерек оны жасыруға қатысты. Психотроптық заттарды арнайы орындарға қалдырып отырғандардың 19-ы кәмелет жасына толмаған мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Шалыс басқан жеткіншектерге жаза да қатаң.


АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Есірткі сату бойынша заң өте қатаң. Жаза 10 жылдан басталады. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сол себептен, жаңа атап өткендей бізде жыл басынан мектеп оқушылары да бар қылмыстық жауапқа тартылған.


Мегаполисте есірткімен күреске қарсы тәртіп сақшыларының 100 пайыз жеке құрамы жұмылдырылған. Полицейлердің айтуынша, психотроптық заттардың заңсыз айналымының 90 пайызға жуығы интернет ресурстары арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан интернет желісінде 1225 есірткі контенттері бұғатталса, заңсыз жарнамаға қатысты 1000 нан астам граффити суреттер жойылған.
 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар