ҰСТАЗДАР ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ БАС ҚОСТЫ
Бүгін Шымкентте педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Әр жыл сайын ұйымдастырылатын бұл іс-шара білім беру саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға, жаңа оқу жылына дайындықты пысықтауға арналған. Толығырақ жиынға қатысып қайтқан әріптесім баяндайды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгінгі жиынға арқау болған басты тақырып – білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық трансформация мен инклюзивті оқытуды дамыту болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесіне 2000-ға жуық маман жиналды. Басқосуда бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, білім беру ұйымдары мен жауапты басқарма өкілдеріне алты түрлі міндет жүктелді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа оқу жылына алты нақты міндет белгілеймін.Әр мектеп диагностика жүргізіп, төмен нәтиженің себебін анықтауға тиіс.Сонымен қатар, мұғалімді артық жүктемеден қорғау – білім басқармасы мен мектеп басшылығының тікелей міндеті.Баланың бойына отансүйгіштік, заңға құрмет, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіру қажет.
Биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгеше. Себебі, енді жүйеге жасанды интеллект енгізіледі. Мұғалімдердің жүктемесін жеңілдететін технология білім сапасын арттырады, қағазбастылықтан арылтып, уақытты үнемдейді. Жиында қала әкімі білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерге тоқталды. Сала майталмандарын марапаттап, үздік білім ордаларына қаржылай сыйақы табыстады.
Өткен оқу жылында қаладағы мектептер арасында байқау ұйымдастырылды. Олар 11 критерий бойынша бақ сынап, үздік білім беру ұйымын анықтады. Бұл сайыста №90 мектеп-гимназиясының ұжымы жеңімпаз атанып, 68 миллион теңге иеленді.
АРМАН ОРЫНБЕКОВ, №90 ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен бұл конкурс көктем айында басталды.Ол жерде тек оқушы мен мұғалімнің жетістігі ғана емес, барлық бөлім қамтылды.Бұл қаржы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, үздік мұғалімдер мен дарынды балаларды қолдауға жұмсалады.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Білім алушылар оқу құралдарын түгендеп, дайындыққа қызу кірісті. 24 жылдық тәжірибесі бар «ARMAN-PV» баспасы биыл да жаңа басылымдарын ұсынбақ. Дәстүрлі оқулықтар шығарумен айналысатын мекеме бұл жылы жүйеге жасанды интеллект негізіндегі оқу көмекшісін енгізді. Мұнда қажетті бөлімге өту үшін кітаптағы QR-кодты сканерлеу қажет. Бұл арқылы оқушы тапсырмаларды онлайн орындап, нәтижесін бірден тексере алады.
ДИДАРА АЛИНА, «ARMAN-PV BASPASY» БАС ДИРЕКТОРЫ
Биыл Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, 3-сыныпқа арналған математика оқулығын әзірледік. Бұл технология авторлар мен редакторларды алмастырмайды, керісінше олардың уақытын үнемдеп, шығармашылық жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз қағаз оқулық пен цифрлық платформаны біріктіретін смарт-оқулық жүйесін дамытып жатырмыз. Оқушы оқулықтағы QR-код арқылы қосымша тапсырмаларды орындай алады. Біз дәстүрлі оқулық пен заманауи технологияны ұштастырып, білім алуды тиімді әрі ыңғайлы етуге ұмтылып келеміз.
Жасанды интеллект дамыған шақта онлайн платформалардың да ауқымы кеңейді. Ұстаздардың көмекші құралына айналған бұл жаңа технология сабаққа қажетті материалдар мен тапсырмаларды дайындауға көмектеседі. Оқушылардың жұмыстарын тексеріп, қателерін саралап, нәтижесін талдайды. Бірнеше бағытты қамтитын жоба білім алушыға тәулік бойы тақырыпты түсіндіреді, емтиханға дайындап, пәнді меңгертеді.
БАҒЛАН НҰРЖАНҰЛЫ, EDOOX ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Біздің жүйеде 100 мыңға жуық тестік сұрақтар мен емтихандар енгізілген.Оқушы тест тапсырады. Жасанды интеллект оның қателіктерін анықтап береді.Мектеп әкімшілігі оқушының білімін көтереді әрі оқушы үйінде отырып-ақ пәнді меңгере береді.Біз осылай білім сапасын көтереміз.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жаңа оқу жылынан бастап білім жүйесіне бірқатар өзгерістер енеді. Енді елдегі бастауыш сынып оқушылары бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмайды. Мұның орнын диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық тапсырмалар басады. Одан бөлек, білім ошақтарына жасанды интеллект технологиясы мен үш жаңа курс енгізіледі. 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» курсын меңгерсе, 8–11-сыныптар «Заң және тәртіп» пәнін оқиды. Ал жоғары сыныптың барлығына арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы мектеп бағдарламасының міндетті бөлігіне айналады. Ал «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Жаңа Конституция талаптарына сай жаңартылады.