АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ КЕРУЕНІ
Түркістаннан – Алматыға ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуені жолға шықты. Шаруалар бастаған көш «егістіктен сөреге дейін» қағидаты арқылы делдалдық тізбекті қысқартып, өңір аралық сауда байланыстарын нығайтады. Бірінші мегаполис тұрғындары үшін жәрмеңкеде 500 тоннадан астам агроөнімдер ұсынылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуені ежелгі Жібек жолының ізімен Алматы қаласына аттанды. Ең көп халық шоғырланған алғашқы мегаполисте 29-30 тамыз күндері Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
НҰРЖІГІТ АБДУЛЛА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өз өнімін тікелей тұтынушыға өткізуге, ал Алматы қаласы тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді отандық өнімді тиімді бағамен алуға мүмкіндік береді. Біз мұндай жәрмеңкелерді сауда алаңы ретінде емес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін өткізу нарығын кеңейтетін маңызды құрал ретінде қарастырамыз.
Көш қатарында 31 жүк көлігі бар. Олар жалпы көлемі 534 тонна өнім жеткізеді. Жәрмеңкеде тұтынушыларға ет, сүт, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдары және тағы басқа жергілікті өнімдер ұсынылады. Ең бастысы өнімдер нарықтық орташа бағадан 15-20 пайыз төмен бағада сатылады.
НҰРПАПА КӨПЕЕВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ
Алдын-ала Алматы қаласының берген прайс-листтегі бағаларына қарағанда біздің шаруаларға тиімді. Себебі, базардағы бағаның бәрі ортада жүрген делдалдардың есебінен қосылып жатыр. Сондықтан, шаруалар ешқандай зиян шегеді деп есептемеймін. Әкімшіліктер тарапынан барып-келу іс-сапарына шығындар демеушілік есебінен қолдау көрсетілуде.
Биыл Түркістан облысы елімізде аграрлық сала бойынша көш басында тұр. 2026 жылдың алғашқы жеті айында өңірде 458,8 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Жыл басынан агроөнеркәсіп кешенге тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге, ал, экпорт көлемі 2 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуені қыркүйек айында да көш бастап, Астана және Семей қаласының халқына жәрмеңке ұйымдастыруға дайындалып жатыр.