Негізгі Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕРМАТОВЕНЕРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ – 100 ЖЫЛ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕРМАТОВЕНЕРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ – 100 ЖЫЛ

Биыл Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметіне 100 жыл толып отыр. Осыған орай Түркістан қаласында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Оңтүстік Қазақстанның дерматовенерологиялық қызметінің ғасырлық жолы: инновациялар, сабақтастық және эндемиялық аурулардың мәселелері» тақырыбындағы басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен және Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан, Қарақалпақстаннан келген 200-ге жуық жетекші маман қатысты. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, сала мамандарын айтулы мерейтоймен құттықтады. Спикер: Ирина Сергеева, Новосібір Мемлекеттік университетінің профессоры / Аударма/

 100 жылдық тарих, дәстүр және жоғары шеберлік! Ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің жетекші ғалымдары мен дәрігерлері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. Конференция барысында дерматовенерология саласындағы заманауи диагностика мен емдеу әдістері, ғылыми жетістіктер, жұқпалы және созылмалы тері ауруларының алдын алу мәселелері талқыланды. Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан және Қарақалпақстанның білікті мамандары тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Ғасырлық тарихы бар орталықтың соңғы жетістіктері де таныстырылды.


ИРИНА СЕРГЕЕВА, НОВОСІБІР МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
Ғасырға жуық тарихы бар медициналық мекеменің жеткен жетістігі орасан зор. Өйткені бұл бір күндік емес, жылдар бойы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Жалпы, бұл – медицинаның ішіндегі ең күрделі салалардың бірі. 100 жыл ішінде дәрігерлер осы саланың өркендеуіне және науқастардың дер кезінде емделуіне бар күш-жігерін салып келеді. Конференцияда орталықтың бүгінгі жетістіктері айтылды. Мұндай басқосулар тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыруға негіз болады.


Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы, облыстық дерматовенерологиялық диспансер, Өзбекстан Республикасының республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы және оның Қарақалпақстан аумақтық филиалы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды.


ГҮЛМИРА НҰРМАҒАМБЕТОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕРМАТОВЕНЕРОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі таңда диспансер соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Заманауи технологиялар дамып келеді. Атап айтар болсақ, біздің мекемеге жасанды интеллект жүйесі де енгізілген. Цифрлық дерматаскоп құрылғысы онкологиялық ауруларды алдын ала анықтап, дертті дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Қажетті косметологиялық құрылғылармен де жабдықталған. Бүгінгі конференцияда білікті мамандармен медициналық көмекті жетілдірудің жаңа тәсілдерін жан-жақты талқылап, көп тәжірибе алмастық.


 1926 жылы негізі қаланған Түркістан облыстық дерматовенерологиялық диспансерінде 300-ден астам маман еңбек етеді. Мекеме Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 3,5 миллионға жуық тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Конференция аясында академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың төртінші табыстау рәсімі өтіп, дерматовенерология саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.



Бөлісу

Аймақтық телеарналар