«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ
Мегаполис тұрғындары мен қонақтарына тегін құқықтық кеңес. Кез келген адам өзін толғандырған сұрақтарға лезде жауап алады. Қаладағы «Арбат» саябағында «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің тапсырмасы аясында ұйымдастырылып жатқан шара халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік көмекті қолжетімді етуге арналған.
Акция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Мемлекеттік кірістер департаменті, Кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы банк» АҚ, аудан әкімдіктерінің аппараттары мен басқарма мамандары тұрғындарды қабылдады. Сонымен қатар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, заң кеңесшілері, Әділет департаменті және Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері азаматтарға тегін кеңес берді.
АЙНҰР ТАСБОЛАТОВА, НОТАРИУС
«Халық заңгері» акциясына қатысудамыз. Көпшілік өзіне маңызды сұрақтармен келеді. Үлкен кісілер көбіне өсиет бойынша сұрақтарымен келіп жатыр. Немесе сыйға тарту шартын жасайын ба дейді. Үй сататын кезде қандай құжаттар қажет, сол жайлы жиі сұрайды.
МАҚПАЛ ИСМАЙЛОВА, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ
Ең күрделі, көп мәселелі болып табылатын сұрақтар – ол 25 тамыз күні енген алимент шоттары бойынша. Алимент осы күнге дейін арнайы шотқа түсіп келген. 25 тамыздан бастап міндеттеліп отыр.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласы Мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Нұрлан Есіркепов тұрғындардың жиі көтеретін мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігін тендерге қатысты сұрақтар қызықтырады.
НҰРЛАН ЕСІРКЕПОВ, МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Осы тендерлердің мәселелері бойынша, оның құжаттамалары, қай жерде қандай жоба басталып жатқандығы жайлы сұрақтар жиі келеді.
Бұл акция көптің көңілінен шығып отыр. Тұрғындар кез келген сұрағына нақты жауап алып, мәселенің шешімін табуда.
МАҚСАТ РАҚЫМБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жұбайым екеуміз Арбатта өтіп бара жатып, заңгерлерді көріп, келдік. Ипотека бойынша, банкротство бойынша сұрақтарымызға жауап алдық.
Мамандар әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты құқықтық кеңестер береді. Сонымен қатар, кейбір тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері түсіндірілді.