Негізгі Жаңалықтар «38. СОҢҒЫ НҮКТЕ» ФИЛЬМІ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТАДЫ

«38. СОҢҒЫ НҮКТЕ» ФИЛЬМІ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТАДЫ

Семей орманын шарпыған алапат өрт ел есінде ауыр қасірет болып қалды. Табиғаттың тілсіз жауымен арпалыс кезінде қызметтік борышын атқарып жүрген 15 адам қаза тапты. Бұл оқиға талай отбасының шаңырағын шайқап, күллі елдің қабырғасын қайыстырды. Енді елімізде осы оқиға желісінде түсірілген «38. Соңғы нүкте» драмалық фильмі 3 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартады.


Фильм сюжеті орман өртінің ортасында қалған бір топ маманның тағдырын суреттейді. Күнделікті жұмысын атқарып жүрген орманшылар аяқ астынан қызыл жалынның құрсауында қалады. Тілсіз жаумен арпалыста кейіпкерлер ішкі жан дүниесімен де бетпе-бет келеді. Өткенге өкініш, жақындарына деген сағыныш, қызмет алдындағы жауапкершілік сын сағатта таразыға түседі. Дегенмен, туынды үш жыл бұрын Семей орманында орын алған оқиғаларды сол күйінде қайталамайды. Авторлар оны көркемдік тұрғыда қайта пайымдап, дербес оқиға желісін ойлап тапқан. Бұл сын сағатта достықтың қадірі, отбасының орны, жауапкершіліктің салмағы мен адам өмірінің бағасы айқын сезіледі. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілген.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар