«ТҮРКІСТАН ӘУЕНДЕРІ» АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА ЖАЛҒАСТЫ
Түркістанда «Түркістан әуендері» атты ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтті. Шара қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Музыкалық бағдарламада жергілікті өнерпаздар эстрадалық және халық әндерін орындады. Көрермендер шығармашылық ұжымдардың өнеріне риза болып, сүйікті туындыларын әртістермен бірге шырқады.
Концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар әсем ән орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Музыкалық кеш барысында көрермендер сүйікті туындыларын бірге шырқап, өнер иелеріне зор ықылас білдірді.
АЙЖАН НҰРПЕЙСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тамаша, өте күшті, керемет! Осындай шараларды ұйымдастырып тұрғаны жақсы ғой. Апта сайын болса да, халық жиналып, өнер тамашалап отырады. Өте керемет нәрсе ғой.
ГҮЛСАРА ҚИЯҚОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Демалыс орнына, Бекзат мөлтек ауданындағы саяжайға келіп, демалып қайтуды ұйғардық. Белсенді орталықтың әжелері болып, 4–5 әжемен келдік. Демалып, көңіл көтерейік деп арнайы келдік. Мәдениет үйінің әншілеріне, әртістеріне, қызметкерлеріне мың алғыс! Қарапайым халыққа осындай демалыс ұйымдастырып, «Түркістан әуендері» бағдарламасы арқылы өнерлерін ұсынып жатқанына қуаныштымыз.
Саябаққа келгендер сазды әуен тыңдап, күйбең тіршіліктен бір сәт алыстап, сергіп қалады. Қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері бар өнерін ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шығуда. Ал мың бұралған бишілердің әсем қимылы көрерменнің көзайымына айналды.
ШӘКЕН АМАНТҰРОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ РЕЖИССЕРІ
Маусым, шілде, тамыз айларында демалыс уақытында Түркістанның көрікті жерлерінде концерттік бағдарламаларымызды өнерпаздарымызбен бірге ұсынып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеріп, әуезді әндер мен керемет билерді тамашалауға мүмкіндік жасау.
Жазғы маусымда ұйымдастырылып жатқан ашық аспан астындағы концерттер алдағы уақытта да жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани демалыс сыйлай бермек.