ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Түркістанда «Адал жол. Темірдей тәртіп. Қауіпсіз сапар» атты ақпараттық-профилактикалық акция өтті. Теміржол вокзалында өткен шараны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Интернет-алаяқтық пен дропперлікке қарсы тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған шарада департамент қызметкерлері мен волонтерлер жолаушыларға қаржылық қауіпсіздік бойынша кеңестер беріп, арнайы ақпараттық брошюралар таратты.
«Заң мен тәртіп» қағидаты арқау болған акция барысында жолаушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, күмәнді қоңыраулар мен сілтемелерге сенбеу, банк картасы мен шот деректемелерін бөгде адамдарға бермеу, жеке мәліметтерді қорғау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар банк картасын немесе шотын заңсыз қаржылық операцияларға пайдалануға берген дропперлердің заң алдында жауапкершілікке тартылатыны айтылды.
САБЫРҒАЛИ БАЛҒАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда 35 қылмыстық іс ашылды. Оның 2 қылмыстық ісі осы дропперлікке байланысты. 5 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қазіргі таңда жазасын алды. Іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа, әсіресе жолаушыларға, азаматтарымызға шетелден жасалатын интернет-алаяқтық пен дропперліктің қауіп-қатерін түсіндіру. Жалпы, көбіне осы шетел азаматтары біздің ҚР заңдарын біле бермейді.
Акция аясында азаматтарға алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтау және одан қорғанудың практикалық жолдары түсіндірілді. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әр азамат өзінің қаржылық қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Күмәнді ұсыныстарға сенбеу, жеке деректер мен банк шоттарының қауіпсіздігін сақтау – алаяқтықтың алдын алудың негізгі жолдарының бірі. Заң талаптарын сақтау арқылы ғана қауіпсіз әрі тәртіпті қоғам қалыптастыра аламыз.
Интернет-алаяқтық пен дропперлікке қарсы бағытталған акцияның мазмұнын жандандыру мақсатында ұлттық мәдени элементтер де қамтылды. Жолаушыларға домбырашылардың өнері ұсынылып, ерекше образдағы кейіпкер ақпараттық материалдар таратуға атсалысты. Департамент қызметкерлері мен волонтерлер пойыз вагондарында жолаушылармен тікелей ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаржылық қауіпсіздік бойынша арнайы әзірленген ақпараттық брошюралар таратты. Жалпы 500-ге жуық жолаушы қамтылды.
МӘЛІК ТЕМІР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Маған Астана прокуратурасынанбыз деп бір әйел қоңырау шалды. «Сіздің атыңыздан кредит рәсімдеп жатыр» деді. Сосын «Қалай кредит жасап жатыр?» десем, «Қазір сізге код келеді, соны айтыңыз, біз қазір жабамыз» деді. Одан кейін мен бірден: «Алдында ескерткен, маған да осындай қоңыраулар келіп жатыр» деп айтып жүрмін. Сосын бірден бас тарттым. «Рақмет, айналайын, менің атымнан ешкім кредит ала алмайды» дедім. TikTok-тан да «алаяқтық свет сатамын» деп хабарлама шығады. 3 мың теңге аудардым, кейін жоқ болып кетті, ала алмай қалдым.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және дропперлікке тартылу қаупі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.