РАҚЫМШЫЛЫҚПЕН БОСТАНДЫҚҚА
Темір тордың ар жағындағы азаматтар үшін бүгін - ерекше күн. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заң күшіне еніп, сотталғандардың алғашқы легі бостандыққа шыға бастады. Шымкенттегі №53 мекемеде 10-нан астам азаматтың жазасы жеңілдетілді. Солардың бірімен арна тілшілері тілдесіп қайтты. Олжас Асылхан толықтырады.
Темір тордың ар жағында өткізген 2 жыл 8 айдан кейін Ілиястың өмірінде жаңа кезең басталды. 27 жастағы азамат алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Енді рақымшылық туралы заң оған да мүмкіндік берді.
ІЛИЯС, БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУШЫ
ҚР Конституциясының жаңа заңына орай рақымшылықпен бостандыққа шығып жатырмын.Керемет сезімдемін. Айтып жеткізе алмаймын. Өзімнің артымнан келе жатқан жастарға айтарым – дұрыс емес жолға түспеңіздер, алданбаңыздар, ешкімге сенбеңіздер.
№53 мекемеде қазір 698 азамат жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық туралы заңға сәйкес олардың 106-сының жазаны өтеу мерзімі қысқартылды. Ал 14 сотталған азамат бостандыққа шықты. Жалпы мекемеде 189 адам рақымшылыққа іліккен.
НҰРСҰЛТАН ҚАДІРБЕКОВ, №53 МЕКЕМЕ БАСТЫҒЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ, ӘДІЛЕТ ПОДПОЛКОВНИГІ
Оның ішінде 14 сотталған бостандыққа шығарылды. Бүгін бір сотталғанға рақымшылық туралы заңға сәйкес бостандыққа шығу жөніндегі шешім шықты.
Рақымшылық - жазадан толық босату ғана емес, жаңа мүмкіндік. Заң талаптарына сай жеңіл және ауырлығы орташа қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтеген азаматтарға рақымшылық жасалады. Ал сыбайлас жемқорлық, экстремизм, педофилия қылмыстары үшін жазасын өтеп жүргендер мен аса ауыр қылмыс жасағандарға бұл жеңілдік қарастырылмаған.