Негізгі Жаңалықтар 100 БІЛІМ ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

100 БІЛІМ ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Зерек жастарға қолдау. Білім күні Жұмабек Тәшенев атындағы университетте 100 білім гранты табысталды. Дәстүрлі «Тәшенев тартуы» жобасы аясындағы гранттар талапты жастардың жоғары білім алуына мүмкіндік бермек. Білім ордасындағы жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шарада грант иегерлеріне сертификаттар табысталды.

Жиынның басты ерекшелігі – білімге ұмтылған талапты жастарды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Тәшенев тартуы» жобасы. Биыл бастама аясында 100 білім гранты ұсынылды. Бұл жоба дарынды жастардың сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік беріп, олардың академиялық және кәсіби дамуына қолдау көрсетуді көздейді.

КӘУСАР ПЕРНЕБАЕВА, ГРАНТ ИЕГЕРІ
Биыл грант конкурсына қатысып, 102 балл жинасам да, грантқа түсе алмай қалған едім. Осы жолы өз бағымды сынап, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына грант ұтып алдым. Тәшенев университеті ұсынған 100 гранттың біріне ие болғаныма өте қуаныштымын.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Білім ордасының талантты жастары өз өнерлерін ортаға салды. Ән айтып, би билеген студенттер өнерлерін паш етті. Ал дизайн саласын меңгеріп жүрген жастар өз туындыларынан дефиле ұйымдастырды. Сондай-ақ университет құрылтайшысы Оңалбай Аяшевтің шәкірттері ұстаздарын құттықтап, жастарға ізгі тілектерін жеткізді.

АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАНЫҢ БАСШЫСЫ
Өзім де осы Оңалбай ағайдың шәкіртімін. Кезінде бізге демеу көрсетіп, бүгінгі биікке жетуімізге бірден-бір жағдай жасаған кісі. Сондықтан университет ұжымын Білім күнімен құттықтаймын. Білім жолы, ғылым жолы – біздің мемлекетіміздің даму көрсеткіші.

Бүгінде университетте білім беру бағдарламаларын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізуге, ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріліп отыр. Білім ордасында заманауи AI Lab жұмыс істейді. Студенттердің білім алуына, ғылыми және шығармашылық дамуына арналған инфрақұрылым да кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар