40 ОТБАСЫҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ
Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 40 отбасы баспаналы болды. Бүгін қоныс иелеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Шымкенттік тұрғын Шахистан Буламова он жылдан бері баспаналы болуды армандапты. Үй кезегіне тіркеліп, мемлекеттің мүмкіндіктерін саралаған. Қуанышқа кенелген жалғызбасты ана енді Асар-2 шағынауданындағы көпқабатты үйге қоныстанды.
ШАХИСТАН БУЛАМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
2016 жылдан бері кезекте тұрамын. Үш балам бар. Жалғызбасты анамын. Күйеуім қайтыс болған. Бұйыртып, бүгін әкімнің қолынан кілт алып тұрмыз. Енді бұл үйде үш немерем тұрады. Өте қуаныштымын.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазір Шымкентте тұрғын үй кезегінде 96 мыңға жуық азамат бар. Оларды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Жыл соңына дейін 7 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал бүгін пәтер кілтін алған 40 отбасы Асар-2 шағынауданындағы жаңа үйлерге қоныстанады.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ М.А.
Пәтер алғандар төлем қабілеттігін растаған азаматтар. Бұл пәтерлер Асар-2 мөлтекауданында орналасқан. Барлық коммуникациялық жабдықпен қамтылған. Тұрғындар бірден көшіп бара алады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Шаһарда тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, былтыр осы санат бойынша 1 500-ге жуық азамат жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын атап өткен. Ал бұл жаңа үйлер тұрғындарға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.