Негізгі Жаңалықтар №46 МЕКТЕП ЖАҢАРТЫЛДЫ

№46 МЕКТЕП ЖАҢАРТЫЛДЫ

Бүгін Шымкентте Білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданында өтті. Мұнда күрделі жөндеуден өткен №46 мектеп-лицей оқушыларға пайдалануға берілді.

Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Шаһар басшысы ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңартылған білім ошағының өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті меңгеру, жастарға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет тарапынан, Президентіміз тарапынан оқушыларға жағдай жасауға, қолайлы әрі сапалы білім алуына үлкен мән беріліп отыр. Тамыз конференциясында Президентіміз осыны айтып өтті. Барлық Жолдауында да айтып келеді. Ең бастысы – жастарымызға сапалы білім беруіміз керек. Соған жағдай жасауымыз қажет. Соңғы екі жылда 13 жаңа мектеп салдық. Биыл 7 мектепке күрделі жөндеу жүргіздік, 6 мектепке қосымша ғимарат салдық. Келесі жылға да алдымызда үлкен жоспарлар бар.

Күрделі жөндеуден өткен білім ошақтарының бірі – осы №46 мектеп-лицейі. Жөндеу жұмыстарына 478 миллион теңге бөлініп, ғимараттың қасбеті жаңартылып, шатыры ауыстырылды. Спорт залы мен жертөле бөлігі де толық жөндеуден өтті. Екі ауысымда білім алатын мектепте шамамен 2 мың 700 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 218 бала қабылданды.

ГҮЛЖАН ИБРАГИМОВА, №46 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ
Биыл мектебімізде үлкен өзгерістер бар. Мектебіміздің сыртқы келбеті күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастағалы отырмыз. Алдымызда үлкен мақсаттар бар. Сол мақсаттарды сапалы орындау – біздің басты міндетіміз.

 Білім күніне арналған іс-шаралар тәрбие мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынсыз ұйымдастырылды. Салтанатты жиыннан кейін оқушылар үшін Конституция құндылықтары мен жалпыұлттық жобаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өтті.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар