Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА - ЖАҢА МЕКТЕП!

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА - ЖАҢА МЕКТЕП!

Түркістан қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жаңа оқу жылы №14 Қазыбек би атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім ордасы 540 оқушыға арналған. Шәкірттер осылайша жаңа оқу жылын кең, жарық әрі барлық қажетті жағдай жасалған жаңа ғимаратта бастайды.


 Түркістандағы №14 Қазыбек би атындағы мектептің алғашқы ғимараты 2000 жылы «Асар» әдісі арқылы салынған. 25 жылдан астам уақыт бойы бұл білім ордасында мыңдаған оқушы білім алып келді. Соңғы жылдары мектептегі оқушы саны 500-ден асып, қолданыстағы ғимараттың оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндігі шектеулі болуына байланысты жаңа мектеп ғимаратын салу қажеттілігі туындаған. Жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2024 жылы басталып, құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.


 ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
азыбек би атындағы мектеп жаңа ғимаратқа жайғасты. Баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Жалпы Түркістан қаласында 84 мектепте 61 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушы саны жыл сайын артып келеді.


Білім ордасында химия, биология және физика пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, АКТ залы, заманауи кітапхана, спорт залы және басқа да қажетті оқу кабинеттері қарастырылған. Асхана бір мезетте 100 оқушыны ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік береді. Мектеп оқушыларының қуанышында шек жоқ. Ата-аналар қауымдастығы да ризашылықтарын білдірді. Ал мектеп ұстаздары «қиындықтардың бәрі артта қалды», деп жаңа оқу жылына ерекше шабытпен келіп отыр.


ЖАҚСЫКҮЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЗЫБЕК БИ АТЫНДАҒЫ №14 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Бұл біздің қаншама жылғы арманымыз. Осында білім алып жүрген бұрынғы ғимаратымызда жобалық қуаттылығы 270 балаға дейін болса, жаңа ғимарат 540 балаға арналып салынды. Осы мектептен жеңімпаз шәкірттер шыға берсін.


 Білім ұясында ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілген. Ендігі жерде мектептің материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану, ғимаратты талапқа сай күтіп ұстау, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтау басты назарға алынды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар