ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР БІЛІМ ДОДАСЫНДА ТОП ЖАРДЫ
Қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық білім сайысында тағы да топ жарды! Сербияның Копаоник қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық география олимпиадасында еліміздің дарынды өрендері 7 медаль жеңіп алды.
Әлемдік додада топ жарған саңлақтардың қатарында Шымкент қаласының оқушылары да бар. Ел мерейін үстем еткен жас географтарды туған қаласында ата-аналары, ұстаздары мен жақындары теміржол вокзалынан ыстық ықыласпен күтіп алды.
Иманғали Үсентайұлы – Шымкент қаласындағы №1 дарынды балаларға арналған IT лицей-интернатының 10-сынып оқушысы. Ол Сербияда өткен халықаралық география олимпиадасында ел намысын қорғап, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Жасөспірімдер арасындағы халықаралық география олимпиадасы Сербияның Копаоник қаласында 24-30 тамыз аралығында өтті. Білім додасына әлемнің бірқатар елінен жас географтар қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасының сапында 9 оқушы ел намысын қорғады. Ал абсолютті чемпион атағын алматылық оқушы иеленді.
ЛӘЗЗАТ ШІЛМЫРЗАЕВА, №1 ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН IT ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ
Қазіргі қарсы алып отырған Үсентайұлы Иманғали деген оқушымыз. 7 сыныптан келгелі бері өте көптеген олимпиадалармен ғылыми жұмыстарға қатысып, қаладан жүлделі бірінші орынды, республикадан жүлделі орындарды иеленіп. Атап айтатын болсақ Қазақстан білім олимпиадасы деген бар 10-11 сыныптарға арналған. Және бізде пәндік олимпиада гене бар. Осы жерде биылғы жылы Республикалық олимпиада алтын медаль алып ең жоғары жүлде иеленіпті. Соның нәтижесінде тамыз айында Сербиада өткен халықаралық жасөспірімдер олимпиадасына қатысып жүлделі үшінші орынды иеленіп отыр.
АЯТ АЛЖАНОВА, №1 ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН IT ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біздің мектебімізге әр жылы конкурстық негізде келіп жатады. Барынша ұстаздарымыз осы оқушылардың жан-жақты зерделей отырып шығармашылықтарын дамытуда. Әр кезде өз үлестерін қосып қаншама оқушыларды осындай жоғары деңгейде жеңістерге жетіп жатқан жағдайы бар. Жаңа оқу жылының басталуымен барша ұстаздар қауымын құттықтаймын. Осы оқу жылы барша ұстаздар үшін жемісті, табысты бола берсін дегім келеді.
Халықаралық зияткерлік жарыста Қазақстан құрамасы жалпы 7 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Бұл – отандық білім саласындағы жас дарындардың халықаралық аренадағы кезекті жетістігі.