Негізгі Жаңалықтар МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ

Елімізде диплом алған түлектердің 60 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мамандардың айтуынша, бұған мектеп бітірушілерінің мамандық таңдауда ата-анасының талабына сүйенуі немесе уақытша сәнге айналған салаларға еліктеуі себеп. Осындай қателіктің алдын алу мақсатында Жастар ресурстық орталығы 1 қыркүйек – Білім күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Ашық аспан астындағы жиында жастарға еңбек нарығындағы заманауи бағыттар таныстырылып, өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдаудың маңызы түсіндірілді.


Іс-шара Сити паркінде өтті. Ашық аспан астындағы кездесуге жоғары оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған жастар жиналды. Өз жүрек қалауына сай мамандық таңдағандардың бірі – Аделя Мұрат. Биыл мектепті тәмамдаған ол Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 балл жинап, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенті атанды.


 АДЕЛЯ МҰРАТ, СТУДЕНТ
Қазіргі таңда көзі ашық білімді жастардың саны әрине артып келеді. Егер ҰБТ статистикасын қарайтын болсаңыздар 140 балдың өте көп екенін байқайсыздар. Бұл қазіргі таңда жастардың көзі ашық өте көп оқиды өте көп талпынады. Мұның барлығы әрине осындай алтын белгі иегерлерінің санының артуына алып келеді. Менің ойымша бұл білім сапасының жоғарылауы.


 Мерекелік кеште кәсіби бағдар беруші маман Жасұлан Бостандықұлы жастарға мамандық таңдаудың маңыздылығы, кәсіби бағытты дұрыс анықтау және болашаққа нақты мақсат қою жөнінде кеңес берді.


ЖАСҰЛАН БОСТАНДЫҚҰЛЫ, ПРОФОРИЕНТОЛОГ
 Бүгінгі таңдағы тек қана білім алып қою жастар үшін аздық етеді.  Бүгінгі таңда білімді адам емес, бейімделуші адам сұранысқа ие болады. Қоғам, әлем өзгеріп жатқан кезде адам да сол өзгеріске бейім бола алу керек. Яғни, неғұрлым бейімделуші адам боламыз, соғұрлым өмір сүреміз. Адами капитал ұғымының өзі конституцияға енгізілді. Сондықтанда адам мықты маман болып қана қоймай, елдің дамуына экономиканың өсуіне әсер ете алатын бірден-бір күш болу керек.


Қазіргі таңда Шымкент қаласында 9 жоғары оқу орны бар. Онда 98 мыңнан астам студент білім алады. Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да мыңдаған жас мамандық меңгеріп жатыр.


ӘКІМЖАН ӘБДІӘКІМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Биыл қала әкімдігі тарапынан жастарға 285 грант бөлінді. Сонымен қатар қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 50 мың жас мамандық меңгеріп жатыр. Қадірлі жастар, сіздер елдің ертеңін қалыптастыратын буынсыздар. Жаңа оқу жылында алдарыңызға биік мақсат қойып, оған жету жолында табанды еңбек етіңіздер.  Біліммен қатар тәжірбие жинақтап, шығармашылық қабілеттеріңізді дамытып, қоғамдық өмірге белсенді араласуға ұмтылыңыздар.


Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар дәстүрлі және эстрадалық бағыттағы әндерді орындап, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бөлісу