ӨҢІРДЕ 29 ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛДЫ
Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілуде. Өңірде индустриялық аймақтарды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды.
Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Онда жалпы құны 158,4 миллиард теңге болатын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде құны 66 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба іске қосылып, 3 мың 328 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2026 жылы құны 19,3 миллиард теңге болатын 13 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның төртеуі бүгінде жұмысын бастап үлгерді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Индустриялық аймақтар – өңір экономикасын әртараптандырудың, жаңа өндірістерді іске қосудың маңызды тетігі. Қай ауданда жұмыс жақсы жүріп жатыр? Осыны зерделеп, нақты сараптама ұсыныңыздар.
Сонымен қатар өңірде шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде облыста 29 шағын өндірістік парк құрылып, онда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 165-і толық аяқталды. Жалпы құны 226,9 миллиард теңге болатын 269 жобаның 114-і іске қосылып, құрылыс материалдары, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдері өндірілуде.
ҚАНАТ ШОНБАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әрбір индустриялық аймақта нақты нәтиже болуы керек. Жобаларды тарту, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын күшейту қажет.
Жиын соңында облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасауды, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешуді және іске қосылуы жоспарланған әрбір жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды. Өңірде өндіріс көлемін ұлғайтып, тұрақты жұмыс орындарын көбейту жұмыстары тікелей бақылауда болады.