Негізгі Жаңалықтар «ТӨРТКҮЛТӨБЕ» МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«ТӨРТКҮЛТӨБЕ» МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жаңа оқу жылында – жаңа мектеп. Ордабасы ауданында жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді. Төрткүл ауылдық округіне қарасты Елшібек батыр ауылындағы 200 орындық «Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимараты ел игілігіне тапсырылды.


Мемлекеттің келешегі – білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Салтанатты шарада аудан әкімі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


 АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Балаларымыздың сапалы білім алуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Биыл 6 мектепке 321 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Білім сапасы бойынша оң динамика қалыптасты.


 Салтанатты шара барысында мектеп директорына жаңа ғимараттың кілті табысталды. Ауыл ақсақалдары жаңа білім ұясының лентасын қиып, ауыл балаларына заманауи мектепте білім алуға мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын білдірді. Ал жаңа мектептің ашылғанына, әсіресе, оқушылар дән риза.


 АЙША РЫСҚҰЛБЕК, «ТӨРТКҮЛТӨБЕ» ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Бұрын біз ескі мектепте оқығанбыз. Бүгін заманауи жаңа ғимарат ашылып, қуанып тұрмыз. Мектептің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Жағдайымызды жасап жатқан Президентімізге алғысымыз шексіз.


 «Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған. Бұған дейін оқушылар ыңғайластырылған ғимаратта білім алып келсе, енді заман талабына сай жаңа мектепте оқитын болады. Білім беру нысаны заманауи талаптарға сай жабдықталған.


ЕРДОС АБИШЕВ, БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
Бұл жерде 40-қа жуық педагог қызмет етеді. Арнайы пән кабинеттері бар. Спорт залы және далада спорт алаңы бар. Балаларды ыстық тамақпен қамтуға барлық жағдай жасалған. Бала қауіпсіздігі басты орында.


 Ордабасы ауданында 66 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп бар. Онда 37 962 оқушы білім алуда. Биыл бірінші сыныпқа 3575 бала қадам басты. Жаңа оқу жылында екі жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Қазақстан халқына қорының қаржысы есебінен 6 мектепте арнайы кабинеттер жабдықталған. Ауданда білім беру нысандарын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа мектептер салу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу