МЕКТЕПТЕР САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ
Елде жаңа оқу жылы басталды. Ата-ананы алаңдататын басты мәселенің бірі – балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы. Бұл бағытта биыл қандай жұмыстар атқарылады? Толығырақ тілші тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазір шаһардағы 285 мектептің барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай. Білім ошақтарының арасында апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Оқу жылы басталар алдында оқу орындарында тексеріс жүргізілді. Санитариялық бақылау мамандары білім беру ұйымдарының жағдайын жіті қарап, мектеп асханалары мен медициналық пункттердің жұмысқа дайындығын пысықтады.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қалада жаңа оқу жылы басталмас бұрын тексеріс жүргізілді. Мониторинг бойынша мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталып, асханалар, медициналық пункттер санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Биыл оқушылардың күнделікті ас мәзіріне де өзгерістер енгізілген. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқу орындарында алты түрлі мәзір әзірленді.Тағам құрамындағы тұз бен қант көлемі азайтылды. Енді ас әзірлеу кезінде йодталған тұз пайдаланылады әрі бір мәзір үш күн қатарынан қайталанбайды.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, мектептерде бір реттік тамақтандыруға арналған көпнұсқалы үлгілік мәзірдің 6 нұсқасы әзірленді. Оларды әзірлеу барысында балалардың жасы, тағамның калориялылығы және рационның маусымдылығы ескерілді. Тамақтану бойынша білім беру мекемелерінде топтық улану тіркелмеді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Күз мезгілі келгенде вирустық инфекциялардың өршитіні белгілі. Қазір қалада ауруды алдын алу жұмыстары күшейтілді. Енді әр білім ошағында таңертең оқушылардың денсаулық жағдайы тексеріліп, арнайы сүзгі жүргізіледі. Дене қызуының көтерілуі, жөтел, әлсіздік секілді белгілер байқалса, балаға медициналық көмек көрсетіледі.