ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚҚА ҮНДЕЙДІ
Арбат айнадай таза. Студенттердің сүйікті мекеніне айналған саябақты жастар өздері тазалады. Мегаполисте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қаланың барлық саябақтарында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Акция қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Тазалық жұмыстарына «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері бірлесе қатысты.
ҚУАНЫШ СЕРІКБАЙ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба бізде ешқашан тоқтаған емес. Қаладағы 9 жоғары оқу орны мен 40-қа жуық колледждің ерікті жастарының қатысуымен акция тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Іс-шара барысында жастар табиғатты аялаудың, қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын насихаттап, қоғамдық орындардың көркеюіне үлес қосты. «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамда тазалыққа, жауапкершілікке және белсенді азаматтық ұстанымға негізделген мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
САБИНА МҮСІЛІМ, СТУДЕНТ
Тазалық – өз қолымызда. Қаламызды мұнтаздай ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Барлық тұрғындарды осы акцияға шақырамын.
НҰРМАХАН САПАР, СТУДЕНТ
Тазалық әрбір адам үшін керек. Саябақтың таза болуы көңіл күйге де, денсаулыққа да жақсы әсер етеді. Қаламыздың таза болғаны – өзімізге де жақсы.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері жалпыұлттық акцияға мегаполис жастарын тұрақты түрде жұмылдырып келеді. Тазалық жұмыстары апта сайын ұйымдастырылады. Жыл басынан бері жастар қаладағы саябақтар мен тұрғын үй аулаларынан 30 тоннаға жуық қоқыс шығарған.