Негізгі Жаңалықтар ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Шымкент тұрғындары биыл қыста жаурамайды. Қалада жылу желілерін жаңарту және қазандықтарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Гидравликалық сынақ кезінде 135 ақау анықталып, оның басым бөлігі жойылған. Қазір 19 шақырымға жуық жылу желісі жаңартылуда. Жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.


Шымкенттегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Оның 37 пайызы тозған. Гидравликалық сынақ нәтижесінде анықталған 135 ақаудың 108-і қалыпқа келтірілді. Қаладағы 2 241 көпқабатты тұрғын үйдің 2 134-і жылыту маусымына дайын. Ал 463 бюджеттік мекеменің барлығы қысқа әзір. Сонымен қатар, ұзындығы 13 шақырымнан асатын магистральдық жылу желілерінің 6 учаскесінде реконструкция жұмыстары жүргізіледі. Оған бюджеттен 5,8 миллиард теңге қаралған.


 АЗАТ ҚАЙНАРҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ұлттық жобалық бағдарламаларды іске асыру мақсатында Шымкент қаласындағы аса қауіпті учаскелердің ішінен 6 учаске магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасына ұсынылды. Жобаның жалпы құны – 5,8 млрд теңге. Магистральдық жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 11,3 шақырым, құбырлардың диаметрі – 500 миллиметрден жоғары. Қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталды, жұмыстар алдағы уақытта жүргізіледі.


Қалада жылу желілерін қысқы маусымға дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Гидравликалық сынақ кезінде анықталған ақаулардың басым бөлігі жойылды. Жылу көздері, сорғы станциялары, дербес қазандықтар, көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелер де кезең-кезеңімен дайындықтан өтуде. Биыл жылу желілерін ағымдағы жөндеу, магистральдық желілерді реконструкциялау және жылу көздерінің негізгі жабдықтарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы дайындық жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланған.

Бөлісу