Негізгі Жаңалықтар ҚАЗАҚ ТІЛІ ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ

Жасанды интеллект дамыған тұста көпшіліктің тіл үйренуге деген қызығушылығы артып келеді.Қазір қазақ тілі де цифрлы ортадан тыс қалмады.Мұғалімдер озық технологияны қолданып, сабақ берудің тың тәсіліне көшкен. Бүгін қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы осы бағытты негізге алып, әлемдік тәжірибеде қолданылатын тәсілдерді саралап, дөңгелек үстел өткізді.

Сәуле Ғалымжанқызы – оқытушы.Білім алушының талабын танып, ұстаздық етіп жүрген жас маман қазақ тілін үйрететін жаңа қосымша дайындап жатыр. «SoileAPP» деп аталатын қолданба бірнеше бөлімнен тұрады.Оқушыны зеріктірмес үшін мұнда түрлі бейнежазбалар мен қызықты ойындар қамтылған.Ұстаз бұл қосымшаны білім саласында да қолданысқа енгізуді көздеп отыр.


СӘУЛЕ ҒАЛЫМЖАНОВА, ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Бұл жоба 2024 жылы Назарбаев университетінде қолданысқа енген еді.Енді менің қазіргі жасап жатқан бұдан күрделірек.Ерекшелігі – қолдабаның ішінде аудио, бейнежазбалар қайта өңделген.Яғни өзге ұлт өкілдері кіріп, үйрене алады.Білім саласында кеңінен қолдана аламыз.


Жаһандану дәуірінде жасанды интеллекттің алар орны ерекше.Күн сайын қарыштап дамып жатқан саланы кәрі мен жас қатар меңгеріп келеді.Озық технология оқушыға пәнді меңгертеді, ақпарат беріп, тіл үйретеді. Мұның көмегімен әдістемелік орталық сабақ берудің тың тәсілін ойлап тауыпты.


ӘБДЕЗ РАХМАНҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз он сегіз сабақ дайындадық.Жасанды интеллект біздің мұғалімдердің дайындаған сабағын, яғни қазақ тілін үйретеді.Біз оны өзіміздің сайтымызға қоямыз, керек деген адамның бәрі тілді мұғалімнің қатысуынсыз, өздігінше дайындала алады.


Жиында ұстаздар жаңа әдіс-тәсілдер жайын талқылады.Цифрлық технологияның мүмкіндіктерін саралап, оны оқу барысында қолданудың артықшылықтарын атады.

Бөлісу