Негізгі Жаңалықтар АЛҒАШҚЫ ШАҚЫРЫЛУШЫЛАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

АЛҒАШҚЫ ШАҚЫРЫЛУШЫЛАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Отан қорғау – әр азаматтың парызы. Шымкенттік жігіттер мемлекеттік шекараны күзетуге аттанды. Мегаполистің әскери жинақтау пунктінде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған орай Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

 Шақыру науқанының жоспарына сәйкес, алғашқы кезеңде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Одан кейін Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне шақырылушылар жөнелтіледі. Бүгін Шымкенттен 23 жас сарбаз Жамбыл облысының Қордай ауданындағы мемлекеттік шекарада қызмет өткеру үшін аттанды.

 ДАНИЯР ОРЫНБАЕВ, САРБАЗ
Жарты жылдан бері осы ҰҚК Шекара қызметіне дайындалып жүрдім. Он күн бұрын келіп, барлық медициналық комиссиядан өттім. Бүгін кешкі сағат 10-да жолға шығамыз.

Биылғы шақыру науқанының ерекшеліктерінің бірі – азаматтарды медициналық сараптамадан өткізу кезінде цифрлық «Face ID» жүйесінің енгізілуі. Енді шақырылушы медициналық тексеруден бұрын арнайы жүйе арқылы бет-бейнесін сканерлеуден өтеді. Бұл технология азаматтың медициналық тексеруден нақты қай күні және қай уақытта өткенін электрондық жүйеде тіркеуге мүмкіндік береді.

 ӘБДІҒАБИТ ШЕГЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Бүгін 23 баланы Жамбыл облысының Қордай ауданына жібереміз. Сағат 15:00-де сол жерде мандаттық комиссиядан өткізіп, балаларды әскер қатарына жібереміз. Күзгі шақырылым бойынша Шымкенттен 1400-ге жуық азаматты әскерге жіберу жоспарланған. Бүгін күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы тобын Шекара қызметіне жіберіп отырмыз.

Күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Осы кезеңде Шымкенттен 1400-ге жуық азаматты әскери қызметке аттандыру жоспарланған. Шара соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің арнайы бөлімшесі әскери қызметшілерінің қоян-қолтық ұрыстан шеберлігі көрсетілді. Сондай-ақ қызметтік иттің нұсқаушымен бірлескен жұмысы таныстырылып, шекарашылардың кәсіби және жауынгерлік даярлығының қырлары көрсетілді.


Бөлісу