Негізгі Жаңалықтар ТІЛ - ӨЗАРА ТҮСІНІСТІК ПЕН БІРЛІКТІҢ КІЛТІ

ТІЛ - ӨЗАРА ТҮСІНІСТІК ПЕН БІРЛІКТІҢ КІЛТІ

«Тіл - өзара түсіністік пен бірліктің кілті». Шымкентте осындай тақырыппен танымдық сағат өтті. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған шарада мемлекеттік тілдің маңызы мен көптілділіктің қоғамдағы рөлі сөз болды. Толығырақ тілші материалында.

5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл атаулы дата 2017 жылы Үкімет қаулысымен бекітілді. Бұған дейін елімізде Тілдер күні 22 қыркүйекте аталып келген. Ал жаңа датаның таңдалуының өзіндік себебі бар. 5 қыркүйек – қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

 НАРИМАН НҰРПЕЙІСОВ, ОҚПУ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Тәуелсіз Қазақстан қазақ тілінің мәртебесін көтеріп қана қоймай, еліміздегі өзге тілдердің де дамуына жағдай жасап отырғанына қуаныштымын. Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, ұятың болып тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзі бар. Бұл – бүгінгі қоғам үшін де өзекті ұстаным.

Танымдық сағатта тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, этносаралық келісім және мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны талқыланды. Ал жас оқырмандар үшін «Тілдерді танисың ба?» атты қызықты ойын ұйымдастырылды. Викторинаға белсенді қатысқан балалар түрлі тілдер туралы білімін толықтырып, шет тілдерін үйренуге қызығушылық танытты.

АРУЖАН АЙБЕКҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
Бұл іс-шарадан әртүрлі тілдерді үйренуге шабыт алдым. Тіл білу адамның мүмкіндігін арттырады деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тұрады. Ал мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі 70 пайыздан асады. Өзге этнос өкілдерінің арасында да қазақ тілін үйренуге қызығушылық жоғары. Елімізде азаматтарға мемлекеттік тілді тегін меңгеруге мүмкіндік беретін 111 оқу-әдістемелік орталық жұмыс істейді. Өйткені мемлекеттік тілді білу – ел бірлігін нығайтатын маңызды фактор әрі әр азаматқа жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Бөлісу