МЫҢНАН АСА ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛДІ
Шымкент жолдарындағы қауіп сейілер емес. Жыл басынан бері мегаполисте мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан жүздеген адам жарақат алып, олардың арасында балалар да бар. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге полиция мен прокуратура өкілдері ескерту жасады.
Жолдағы қауіпсіздікке салғырт қарау – қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апатына себеп болатын негізгі факторлардың бірі – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Бұған қоса рөлде отырып телефон қолдану да жол-көлік оқиғаларына себеп болып отыр. Жыл басынан бері Шымкентте 1121 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 1300-ден астам адам түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендердің 500-ден астамы – кәмелетке толмаған балалар. Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында полиция мен прокуратура өкілдері бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 50-ге жуық жүргізушімен кездесті. Олардың арасында жол ережесін бірнеше рет бұзған азаматтар бар.
ЖАСҰЛАН ОРАЗ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ
Бұл жүргізушілердің барлығы бір жыл ішінде 50-ден 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Негізінен, жылдамдықты шамадан тыс арттырған. Әр жүргізушіге заң талаптары түсіндіріліп, ескерту жұмыстары жүргізілді. Жүргізушілер тек айыппұл төлеумен шектелмей, жолдағы өзге де адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін түсінуі керек.
Мамандардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан мамандар жылдамдықты сақтап, рөлде телефон қолданбауға және жол қозғалысы ережесін қатаң ұстануға шақырады.