STARTUP ORDA-2026: IT ЖОБАЛАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК
Шымкентте IT саласында өзін сынағысы келетін жастарға арналған жаңа мүмкіндік пайда болды. Startup Orda-2026 инкубациялық бағдарламасы басталды. Жоба Astana Hub-пен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – тың идеяларды дайын өнімге айналдырып, жас стартаптарды нарыққа шығару.
Бағдарламаға қатысуға 157 өтінім түскен. Оның 120-сы іріктеліп алынған. Қазір 70-ке жуық жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарламаға нақты жобасы бар жастармен қатар, тек идеясы бар немесе бағытын әлі анықтамаған қатысушылар да қатыса алады.
ТЕМУР ҚОЗЫКЕЕВ, SHYMKENT IT HUB ДИРЕКТОРЫ
Бізде нөлден бастап стартапты жүргізуге немесе ашуға дейін бүкіл білім береміз. Қазіргі таңда бізге 157 өтінім берілді. Оның ішінен 120-сы таңдалып алынды. Қазір 70-ке жуық жоба қаралып жатыр.
Қатысушылар стартапты іске қосудың негізгі кезеңдерін меңгеріп, жобасын талдауды және нарыққа бейімдеуді үйренеді. Сонымен қатар заманауи әзірлеу құралдары, Vibe Coding, гипотезаларды тексеру, өнімді жетілдіру және оны нарыққа шығару тәсілдері оқытылады.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әрбір идеямен немесе дайын жобасымен келген IT командаларға нарыққа қажетті дағдыларды үйретіп, өнімін осы нарыққа шығаруға көмектесеміз. Былтырғы жиынды өткізгеннен кейін қатысушылардан не өзгертуге болатынын сұрадық. Олар офлайн кездесулерді көбейтуді ұсынды.
Енді үздік жобалар Шымкентте пилоттық режимде сынақтан өткізілуі мүмкін. Бұл жас әзірлеушілерге өз өнімін нақты ортада тексеріп, кемшіліктерін түзетуге және нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар мұндай қолдау өңірдегі технологиялық кәсіпкерліктің дамуына серпін береді деп отыр.