Негізгі Жаңалықтар БЕЙНЕКАМЕРАЛАР 200-ГЕ ЖУЫҚ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАДЫ

БЕЙНЕКАМЕРАЛАР 200-ГЕ ЖУЫҚ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАДЫ

Тәртіпті бұзғандар енді назардан тыс қалмайды. Түркістан облысында қоғамдық орындар мен жолдардағы жағдайды бейнебақылау камералары жіті бақылап отыр. Облыстық жедел басқару орталығына қосылған жүйе тәулік бойы жұмыс істеп, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде.


Тек бір аптаның ішінде Сайрам ауданында камералар 200-ге жуық құқық бұзушылықты тіркеген. Әр дерек бойынша заңға сәйкес әкімшілік шара қабылданды. Анықталған фактілердің басым бөлігі абаттандыру талаптары мен жол қозғалысы ережелеріне қатысты. Мәселен, белгіленбеген жерге темекі тұқылын тастаудың 50-ге жуық дерегі тіркелді. Ал көлік әйнегінің жарық өткізгіштігі талапқа сай келмейтін 32 жүргізуші анықталды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 11 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Тоғыз жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Мамандардың айтуынша, бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықты тіркеумен шектелмейді. Камералар қоғамдық тәртіпті сақтауға, жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге және заң талаптарын бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бөлісу