ШЫМКЕНТТІҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ
Шымкенттік кәсіпорындар еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларына өнім жеткізуге дайын. Қала әкімдігінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы директорының орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған делегациямен кездесу өтті.
Жиында жергілікті қамту үлесін арттыру және шымкенттік кәсіпорындарды ҚПО-ның сатып алу жұмыстарына тарту мәселелері талқыланды. Тараптар жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және өзара тиімді серіктестік орнату жолдарын қарастырды. Бүгінде Шымкентте 800-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнда мұнай-газ саласына қажетті жабдықтар, құралдар, қосалқы бөлшектер мен металл конструкциялар шығарылады. Өнімнің бір бөлігі қазірдің өзінде еліміздің ірі мұнай-газ компанияларында сұранысқа ие. Кездесу аясында «Қызғалдақ сарайында» 30-ға жуық кәсіпорынның қатысуымен жергілікті тауар өндірушілер көрмесі өтті. Кәсіпкерлер мұнай-газ саласына арналған өнімдерін таныстырып, ҚПО өкілдерімен тікелей келіссөз жүргізді. Көрме жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігін танытып, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді.