ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ 10% ҒА ЖЕТТІ
Шымкент экономикасы қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда үшінші мегаполиске 2 триллион 300 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржының 75 пайызы жеке инвесторлардың үлесінде. Әсіресе өнеркәсіп саласына ерекше басымдық берілген. Осы уақыт ішінде жалпы құны 170 миллиард теңгені құрайтын 50 ірі жоба сәтті жүзеге асты. Нәтижесінде қалада 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды.
Шымкент қаласының экономикалық өсімі 10 пайызға жетіп, республика бойынша үздік бестіктің қатарынан көрінді. Еліміздің үшінші мегаполисі қаржылық дербестігін арттырып, қарқынды даму ырғағын сақтап келеді. Соңғы үш жылдың ішінде қала бюджеті 1,4 есеге өсіп, 868 миллиард теңгені құрады. Ал шаһардың өз кірістері 644 миллиард теңгеге жетті. Бұл – жергілікті бизнестің өркендеуі мен инвестициялық тартымдылықтың артуының айқын дәлелі.
ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЗАУЫТ САЛА БАСТАДЫ
Шымкентке әлемдік деңгейдегі компаниялардың келуі де қаланың инвестициялық тартымдылығының артқанын көрсетеді. Соның бірі — трансұлттық Coca-Cola компаниясы. Жобаға 27 миллиард теңге инвестиция салынып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар халықаралық деңгейде де жалғасып жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қытайдың Сиань қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сол жобалардың бірі — 54 миллиард теңгелік заманауи қалдық өңдеу кешені. Кешен тәулігіне 1000 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты өңдеп, термиялық өңдеу арқылы 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіреді. Жоба іске қосылғанда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.
ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ 100% ҒА ЖЕТЕДІ
Бүгінде қалада инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаһар тұрғындары сапалы ауыз сумен, ыстық сумен және электр энергиясымен жүз пайыз қамтылған. Табиғи газға қолжетімділік тоқсан сегіз пайызға жетсе, кәріз жүйесімен қамту деңгейі де жетпіс пайыздан асты. Коммуналдық желілердің сапасын арттыру мақсатында 33 шақырым су құбыры мен 50 шақырым жылу желісі толығымен жаңартылды. Ал электр қуатын үздіксіз әрі тұрақты беру үшін 600-ге жуық жаңа трансформаторлық станция орнатылып, 1000 шақырымға жуық желі тартылды.
1500 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ
Мегаполистегі көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Қалада 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп, екі ірі жолайрық ел игілігіне берілді. Сондай-ақ Момынов көшесіндегі теміржол өткелінде де қозғалыс ашылды. Ауқымды жобалар мұнымен тоқтамайды. Биыл Бәйдібек би мен Төлеметов қиылысындағы жолайрық пен Тіленшин көшесіндегі өткелдің құрылысы толық аяқталады. Ал Қонаев даңғылы мен А-2 транзиттік айналма жолын реконструкциялау жұмыстары мәресіне жақындап қалды. Қаланың әуе мен теміржол хабы да жаңа келбетке ие болды. Жаңа халықаралық әуежай пайдалануға беріліп, теміржол вокзалы толық қайта жаңартудан өтті. Қазіргі уақытта әуе айлағында су жаңа ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады. Қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңарып жатыр. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен 70 жастан асқан зейнеткерлерге автобустарда тегін жүру жеңілдігі берілді.
3 ЖЫЛДА 60 МЕКТЕП САЛЫНДЫ
Әлеуметтік салада да нақты нәтиже бар. 60 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілді. Ал денсаулық саласында 13 медициналық нысан іске қосылып, жедел жәрдемнің автопаркі 65 көлікпен толықты. Сондай-ақ 2 модульдік спорт кешені мен 75 спорт алаңшасы салынды.
90 ҒА ЖУЫҚ ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Қала келбетінде де өзгеріс бар. Бір жыл ішінде 45 жаңа гүлзар, саябақ және қоғамдық кеңістіктер ашылып, жалпы саны 90-ға жетті. Демеушілер есебінен жаңадан 17 фонтан салынды. Бұрынғы қоқыс полигонының орнына 45 гектар аумақта «Экопарк» бой көтеріп, Қошқар-ата өзенінің 6,9 шақырым жағалауы абаттандырылды. Мемлекет меншігіне қайтарылған Қиял әлемі мен Кең баба саябағы бұзылып, орнына заманауи Жапон саябағы мен City Park пайдалануға берілді. Гүлдер аллеясы мен Шымкент сити саябағаның да құрылыс аяқталды.
АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ЖЕМІСІН БЕРУДЕ
650 гектар аумақта еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешені бой көтеріп жатыр. Түркиялық Alarko Holding компаниясы жобаға 650 миллион доллар инвестиция салады. Ал польшалық Fabe Polska компаниясымен 136 миллион долларлық жоғары технологиялы жылыжай салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар Шымкенттің инвестиция тартатын қала ғана емес, жаңа өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылатын ірі экономикалық орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы мақсат – осы нәтижені еселеп, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қала қалыптастыру. Шымкенттің бүгінгі нәтижесі – ертеңгі дамуының берік негізі.