ӘКІМ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Шымкентте инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқын алды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар нысанды аралап, жол жөндеу, абаттандыру және тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.
Әкім алдымен Кеңжарық және Ақсүмбе көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Одан кейін 12-шағынаудандағы №1 үйдің ауласын абаттандыру барысын көрді. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазыбек би және Володарский көшелеріндегі тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары да назарда болды. Мұнда қасбеттер мен шатырлар жаңартылып, кіреберістер мен инженерлік желілер ретке келтірілуде. Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы Желтоқсан көшесінде «Бақытты жанұя» қоғамдық кеңістігін абаттандыру жұмыстарының қорытындысымен танысты. Жұмыс сапары барысында Жастар көшесіндегі жол жөндеу, Маңғыстау көшесіндегі жол негізін дайындау және Исраилов көшесін қайта жаңарту жұмыстары да тексерілді. Қала басшысы мердігерлерге құрылыс технологияларын қатаң сақтап, жұмыстың әр кезеңін сапалы орындауды тапсырды.