Негізгі Жаңалықтар АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Тіл – ұлттың тірегі. Осы ұстанымды өмірінің соңына дейін ту еткен Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы бүгінгі ұрпаққа қандай өнеге береді? Бұл мәселе А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада өткен «Тіл, ұлт, тағылым» атты дөңгелек үстелде кеңінен қозғалды. Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазының туған күніне орай ұйымдастырылған басқосуда ғалымның тіл білімі мен әдебиетке қосқан үлесі, ағартушылық еңбегі және Алаш идеясы жолындағы ұстанымы сөз болды.


Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі – ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Кездесуге жиналған зиялы қауым өкілдері оның ұлттық жазуды қалыптастырудағы қызметіне тоқталып, тіл мен ұлттық сананың сабақтастығын талқылады.


ҚАБЫЛ ДҮЙСЕНБІ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖӘНЕ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Жалпы, біз бүкіл қазақ Ахмет Байтұрсынұлына қарыздармыз. Өйткені қазақ тілінің тіл болуына, оның ғылым тіліне айналуына Ахметтің сіңірген еңбегі орасан».


 Ұлт ұстазының «Ахмет және Алаш идеясы» аясындағы ұстанымы да назардан тыс қалмады. Қатысушылар оның ел тәуелсіздігі, ұлттық сана, білім мен мәдениет туралы ойларын саралап, ғалым мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.


ҒАЛЫМ ҚАСЫМХАНҰЛЫ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
«Ұлтты ұстап тұратын ең басты нәрсе – тіл. Тіл жойылса, ұлт жоғалады. Сондықтан өмірінің соңына дейін қазақ тілі, ана тілі үшін шырылдап, барынша күресті. Түрлі оқулықтар шығарып, қиын-қыстау кезеңде «Қазақ» газетін шығарды. Қазақ тілін, мәдениетін сақтау үшін бар күш-жігерін салды. Сондықтан Байтұрсынұлының туған күніне орай мұндай жиын өткізу өте орынды».


 Басқосуда Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмірі мен ұлтқа сіңірген еңбегі тағы бір мәрте ұлықталды. Әсіресе ана тілін ардақтау, білім мен ғылымды бағалау, ұлттық құндылықтарды сақтау және елге адал қызмет ету – бүгінгі ұрпаққа аманат екені айтылды.

Бөлісу