ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі өндіріледі. Бұл өнімдердің басым бөлігі республикалық орташа бағадан төмен сатылып жатыр. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік тұрақтандыру қорын толықтырып, тікелей тауар өндірушілермен меморандумға отырған. Мұндай шаралар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдауға бағытталып отыр.
Түркістан өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақылауда. Жыл басынан бері бұл санаттағы тауарлардың баға индексі 101,2 пайызды құрады. Әрi тауарлардың басым бөлігі республикалық орташа көрсеткіштен төмен бағамен сатылып жатыр. Нарықтағы бағаны тұрақтандыруда әлеуметтік дүкендердің де үлесі зоp. Бұл орындарда негізгі азық-түлік өнімдері орта есеппен 20-30 пайызға арзан ұсынылуда. Қазіргі таңда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында осындай қырық екі әлеуметтік дүкен халыққа үздіксіз қызмет көрсетеді.
НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ
Өңіріміз бағаны тұрақтандыру бойынша облыстар арасында алдыңғы қатарда. Бүгінгі атңда 31 азық-түлік тауарларының 5-і бойынша баға республика бағадан жоғары болса, қалған тауарлар республикалық орта көрсеткіштен біршама төмен деңгейде.
Тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтуда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маңызы зор. Жыл басынан бері Түркістан қаласында 256 жәрмеңке өткізілді. Жалпы облыс бойынша 463 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 70 ірі супермаркетпен және 10 тауар өндірушімен меморандум жасалды.
ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі жергілікті жерде өндіріледі. 22 түрімен облыс халқы толық қамтамасыз етіледі. Оның ішінде қызанақпен қамту деңгейі 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны 9,1 есе, қырыққабатпен 6,4 есе, қиярмен 5 есе, сүтпен 4,2 есе, пияз 3,3 есе, сондай-ақ, жылқы еті, картоп, сиыр еті, сәбіз, күріш, қой еті және алма бойынша ішкі нарықты толық қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізу керек. Бағаны жөнсіз көтеруге жол берілмеуге тиіс. Әлеуметтік дүкендердегі тауар сапасын да қадағалауға алыңыздар. Жұмысты ширатуды тапсырамын.
Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатып алынды. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймадағы қорларды қоса етептегенде, жалпы 22 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл қор облыс қажеттілігін 6 айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.