АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАР САНЫ АЗАЙҒАН
Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Тұрақты жұмысқа орналасып, табысын арттырған отбасылардың қатары көбейген. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 61 пайызға төмендеген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Брифингте қала әкімінің орынбасары 25 қазан – Республика күніне орай ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Айтылған мәліметке сәйкес, биыл ерекше қажеттілігі бар балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен қаржы қарастырылған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
25 қазан күні 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда қалада 8 238 ерекше бала бар. Осы балалар үшін 178,1 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Сонымен қатар Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да 20 АЕК немесе 86 500 теңгеден бір реттік көмек көрсетілетін болады.
Ал атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тағайындалады. Ол шартты немесе шартсыз ақшалай көмек түрінде беріледі. Қазіргі таңда Шымкентте 1 858 аз қамтылған отбасындағы 9 597 адам атаулы әлеуметтік көмек алады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 61 пайызға төмендеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жасқа дейінгі балаларына 1,5 АЕК, яғни 6 488 теңге көлемінде ай сайын қосымша төлем төленеді. Мұндай отбасы саны бүгінгі таңда 1 658-ні құрайды. Бұл отбасыларда 3 308 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 61,7 пайызға төмендеді.
Шымкентте тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту шаралары да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 25 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы, биыл 31 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда жоспардың басым бөлігі орындалды. Жұмысқа орналасқандардың қатарында жастармен бірге әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар да бар. Осылайша, жұмыспен қамту шаралары тұрғындардың табысын арттырып, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр.