ҚАЛА ӘКІМІ ШАҺАРДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ БАҚЫЛАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһар аумағын аралап, бірқатар нысандағы жұмыстардың барысын бақылады. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, әуежай және жол құрылысы назарға алынды.
Аралау барысында Асар-2 шағынауданында 40 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Тұрғын үйлер «Отбасы банк» арқылы «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары аясында берілді. Бұдан кейін Абай ауданындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылыс барысы тексерілді. Мұнда мүгедектігі бар азаматтарға кешенді оңалту қызметтері көрсетіледі. Әкім сондай-ақ Шымкент әуежайындағы екінші ұшу-қону жолағының құрылысымен танысты. Жаңа жолақ жүк көтерімділігі жоғары әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Шұбаркөл және Рысқұлов көшелеріндегі жол жабынын төсеу жұмыстары да бақылауға алынды. Жолдардың жаңаруы қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ал Еңбекші ауданындағы №1 стационар жағдайдағы орталықта 50 орындық қосымша корпустың құрылысы пысықталды. Жаңа нысан мүгедектігі және психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.