ОТАН ҚОРҒАУҒА АТТАНҒАН ЖАС САРБАЗДАР
Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас сарбаздар сап түзеді. Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 40-қа жуық жас азаматты әскери бөлімге шығарып салу рәсімі өтті. Енді олар Ұлттық ұлан қатарында бір жыл қызмет етеді.
Әскери сап. Салтанатты рәсім. Қоштасу сәті. Кеше ғана мектепте, колледжде жүрген жастар енді сарбаз атанды. Әскер – тәртіп пен төзімділікті шыңдайтын үлкен мектеп. Бір жылдық қызмет барысында олар әскери машықтарды меңгеріп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады. Бүгінде Шымкенттен 40-қа жуық жас сарбаз Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне аттанғалы тұр.
СЕРІКБАЙ ОҢБАЕВ, ОТСТАВКАДАҒЫ ПОЛКОВНИК
Президентіміз, Жоғарғы Бас қолбасшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы әскер қатарына аттану, әскери ант қабылдау, 12 айлық мерзімді қызмет атқарып, елге оралу жаңа форматта өтуі керек деген еді. Міне, сол жаңа форматтың алғашқы нұсқалары осы.
Жас сарбаздарды шығарып салу рәсіміне жауапты сала өкілдері, ардагерлер мен ата-аналар қатысты. Жиында сарбаздарға сәттілік тілеп, әскери тәртіпті қатаң сақтаудың маңызы айтылды.
ӘБДІҒАБИТ ШЕГЕБАЕВ, ПОЛКОВНИК
Отан алдындағы борыштарыңызды аман-есен атқарып, темірдей тәртіпке шыдап, міндеттеріңізді орындап, 12 ай мерзімді өтеп, келесі жылы аман-есен ата-аналарыңызға оралуларыңызға тілектеспіз.
Күзгі шақыру кезінде әскер қатарына алынған азаматтар алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жөнелтіледі. Одан кейін Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдері жасақталады. Ал әскери форма киіп, сапқа тұрған жастар үшін бүгін - жаңа өмірдің бастауы. Олардың қатарында Ахат Омар да бар. Жас жігіттің әскери қызметке баруына отбасыдағы аға буынның өнегесі әсер еткен.
АХАТ ОМАР, ЖАС САРБАЗ
Әкем де, ағаларым да армияға барған. Соларға қарап мен де қызықтым. Кішкентай кезімнен «Көк тарландары» деген киноны көріп, әскери қызметке қызығатынмын. Енді өзім де армияға бара жатырмын.
Сап түзеген сарбаздар енді жаңа ортаға бейімделіп, әскери тәртіпке үйренеді. Ал олардың артында ақ жол тілеген ата-ана, туған-туыс тұр. Отан қорғау - міндет. Ал оны абыроймен атқару - азаматтық парыз. Жас сарбаздарға сәттілік тілейміз!